Еңбек адамдарының мәртебесі қашанда биік
Қоғам дамуының берік іргетасы – адал еңбек. Елдің күнделікті тіршілігін қамтамасыз етіп, қаламыз бен ауылымыздың тазалығы мен тәртібін сақтауда маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамдарының еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы орайда, бүгін “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” Жастар қанаты мен “Жастар” бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен тазалық қызметкерлеріне арналған тағылымды әрі мағыналы іс-шара өтті.Іс-шара барысында тазалық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ыстық шай мен түрлі тәттілер ұсынылып, олардың күнделікті қажырлы еңбегіне деген ризашылық білдірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты – еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, қарапайым, бірақ аса жауапты еңбектің қоғам үшін маңызын насихаттау.
Күннің аптап ыстығы мен қақаған аязында, мереке мен демалыс күндеріне қарамастан, елдің көркеюі үшін аянбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері – нағыз еңбек майданының алдыңғы шебінде жүрген жандар. Олардың тынымсыз тірлігі қаланың санитарлық тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай жандарға құрмет көрсету – азаматтық парыз.
Шара барысында еңбек адамдарына ізгі тілектер айтылып, жастар тарапынан алғыс сөздер жеткізілді. Бұл – жас буынның еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, адал еңбектің қадірін түсінуге жол ашатын тәрбиелік мәні зор бастама екені анық.
Еңбекпен келген табыс пен адал маңдай тер – ел дамуының басты кепілі. Сондықтан да еңбек адамдарының мәртебесі қашанда биік болып, олардың еңбегі әрдайым лайықты бағалануы тиіс.












