Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалында саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлерді қабылдау шарасы өтті. Кәсіби мерекеге арналған бұл басқосу – еңбек адамын бағалау, олардың жыл бойғы еселі еңбегіне құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуді “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы жүргізіп, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген мамандарға шынайы алғысын білдірді. Ол өз сөзінде аграрлық сектордың аудан экономикасындағы маңызына тоқталып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жолындағы атқарған еңбегін ерекше атап өтті.

Шара барысында сала қызметкерлеріне партия тарапынан марапаттар табысталды. Атап айтқанда, еңбекқор мамандарға “AMANAT” партиясының Атқарушы хатшысының және облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының алғыс хаттары салтанатты түрде тапсырылды. Бұл марапаттар – ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі бағыттарында зор жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсібилігін мойындаудың көрінісі.

Қабылдау барысында сала мамандары да сөз алып, көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Олар алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, өңдеу саласын дамыту және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамту бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізе беретіндерін атап өтті.
Шара соңында Атқарушы хатшы марапат иелеріне жұмыста табыс, отбасыларына амандық тілеп, бірлескен ынтымақтастықтың одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.
25 қараша 2025 ж. 184 0