Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекіренің желімі

Бекіренің желімі

Арал теңізін мекендеген сан-алуан тіршілік иелерінің бар екендігі жағалау жұртына ежелден таныс. Теңіз суы жағалаудан қашықтап, адамдар санасынан бөлектене бастаған кезеңдер үшін, бұрынғының бәрі де өң мен түстей бола бастады. Әкелеріміз айтып отыратын, ескірген заманның көз көрген саңлақтары ғана жеткізе білетін су маржандарының сансыз қасиеттері бүгінгі ұрпақтар үшін қиял-ғажайыптарға толы естеліктерге айналды. Шет жағасын көзіміз көрген өзен-көлдері мен теңіздің бағалы байлықтары ел тіршілігінің күн көрісі мен берекетті кәсіптерінің негіздері болатын.
Әсіресе, қаязы мен бекіресі туралы сөз қозғалғанда, көздері көрген жандардың естеліктеріне тек қана таңдай қағып, тамсануға тура келетіндігі де құпиясы мол сырларға бастайтын. Осыларының ішінде бекіре балығының етінің дәмділігі, майының емдік қасиеттері, өнеркәсіптік маңызы, ешуақытта ғылыми маңызын, құндылығын жоймаған керемет жаңалықтарға толы. Әрине, «бекіренің бел кеспесін берсе жемес басым-ай, құнан қойдың құйқасына қор қылдың-ау» деген, қырға ұзатылған апамыздың өкінішті аңыз әңгімесі, бекіреге деген аңсарымызды, әуестігімізді арттыра түскен құндылықтарға айналғандығы ешкімге де құпия емес.
Менің бекіре балығымен таныстығым бесінші кластағы оқушылық кезімнен басталды. Әлі күнге дейін көз алдымда. Әкемнің Сырдария өзенінен ығызбай ауымен ұстаған шағындау бекіре балығын анам екеуінің асып жегендері. Себебі, әкем өмірінің жиырма жеті жылын теңіз бен дария үстінде өткізген сыралғы балықшы болатын. Тек, бізге ескерткендері бар. «Еті мен терісінің арасында тастары болады. Тамақтарыңа кетіп қалмасын, сондықтан абай болыңдар, тіпті жемегендерің жөн болады» деп кесіп айтқаны. Бұл сұрақ менің жадымда сақталып қалған шешілмеген түйін күйінде қалды. Бұл бірінші мәселе болып аңтарылған күйімде қалғандығым жасырын емес.
Өткен ғасырдағы 1989 жылдың көктемінде №73 Аманөткел орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жүргенімде, «Шежіре» тарихи өлкетану музейін ұйымдастырып, экспонат жинауды жалғастыра жүріп керемет жаңалықтың куәсі болдым. Аманөткелде Кішібаева Тойдық есімді үлкен кісі, кейуана қарт әжеміз тұратын. Сол кісіден сұрастыра отырып, мал қорасының төбесінде жатырған, ағаштан ойылып жасалған домбыраны тауып алдым. Домбыраның күйін келтіретін құлақтары сынған, шанағының бетін жабатын қақпақтары түгелімен жоқ. Қаншама жыл қораның төбесінде жатқандығын бір құдайымның өзі білер. Сыртының өзі желім сияқты кірден көрінбейді. Заманында көретін көздерінің көзайымына айналғандай. Үйге әкеліп әйнекпен қырнап, тазалап, сыбастарын қыруға кірістім. Тазалағанымда шанағының сыртындағы әлдебір, төртбұрышты жамауды көзім шалды.
Жалпы домбыраның ұзындығы 95 см. Жамаудың көлденең ұзындығы 17 см, биіктігі 6 см екен. Тек қана төртбұрыш шанақпен түйіскен тұстары ғана қара бояумен сызық жүргізгендей тәрізді. Таң қалғаным сонша, дереу Тойдық әжемен тілдесуге тура келді. Ол кісінің айтуына қарағанда қолдарына әлдекімдер арқылы елеусіздеу келіп түскен құнды дүние әйгілі Тілеубердіұлы Жаппарберді (1895–1936 жж.) жыраудың домбырасы екен. Заманның соғыстан кейінгі ауырлау кезеңдерінің бірі болса керек, алғашқыда бұлар да соншама көңіл бөлмеген тәрізді. Себебі, оларда қоңторғай тіршіліктің қамымен ғана жүрген қарапайым жандар болатын.
Жаппарберді жырау елге белгілі Сыр сүлейлерінің бірі. Нұртуған Кенжеғұлұлы негізін қалаған Мырзастағы жыраулық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі. «Едіге», «Қарасай-Қази» сияқты кең тынысты эпостық дастандарын жырлаған. Сонымен қатар Қарасақал Ерімбет, Әбубәкір Кердерінің шығармаларын, Нұрмағанбет Қосжанұлының «Шора батыр» дастанын өзінің төл мақамымен алғашқы орындаушы болып саналады.
Белгілі зерттеуші ғалым, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Төлепберген Тоғжанов менің өтінішім бойынша бұл мақамды нотаға түсіріп те берді. Мұның негізі марқұм күйші Қаппар Жармағанбетовтың орындауынан, Жаңаберген жыраудың інісі, елге белгілі азамат, сұңғыла сыншы Абдолла Жаңабаевтың тыңдап көріп, айтып, дәлелдеуімен алынған болатын.
Үй ішіндегі жандар мен балалар кезектесіп, таласа жүріп тартатын. Сындырып алғаннан кейін, ешкімге қажетсіз бұйым ретінде қораның төбесінен орын теуіпті. Ал, шанақтың сыртындағы жамаудың сыры ол кісілерге дейін-ақ болған оқиға екен. Әлдебір шеберлер сынған жерлерін бекіре балықтың желімімен жапсырыпты. Жастау кезім, бекіре балықтың да желімдері бола ма екен деп таңғалумен қалғандығым.
Сол домбыраның шанағының бетін осы күнгі аспаптың қақпағымен жауып желімдеген болдым. Қолымнан келгенше ішегін тағып, тиегін салып, баяу да болса тартылатын күйге келтірдім. Көне дүниенің бір қымбат жәдігері Арал ауданындағы №73 Аманөткел орта мектебінің музейінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
1914 жылы өмірге келген Кішібекова Тойдық әжеміз 2003 жылы 89 жасында өмірден озды. Шалы Өткелбаев Шора екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Қарашаңырақтарында немерелері тұрады. Мәліметтері толық болмаса да, Сырдың жампоз бір сүлейі Жаппарберді жыраудың киелі мұрасын біздерге табыстап, мәңгілік мекеніне кете барды.
Қарашаңырақтарында немерелері тұрады. Мәліметтері толық болмаса да, Сырдың жампоз бір сүлейі Жаппарберді жыраудың киелі мұрасын біздерге табыстап, мәңгілік мекеніне кете барды. Ауылда Жаппарберді жыраудың туған жиені Ақманбетов Әбіл деген қария да болған. Өзі де серілеу, балалары да ән-жырға бейімдеу отбасы болатын. Мүмкін солар арқылы Өткелбаевтар отбасының мүшелеріне олжа болып келген де болар. Әулеттің бір қызы Ақманбетова Кенжекей, жас күнінен белгілі де, беделді термеші болатын. Консерватория бітіргеннен кейін тегін өзгертіп, Ақжолова Кенжекей атанған оқушымыз, бүгіндері Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әншілік қызметін жасап, өнердің биік өресінде жүргендігі көз қуантады. Өнеріне қарап-ақ жиеншарының ұлы тағайының тегіне тартқан болуы мүмкін деп жорамал жасаймыз. Сол кезде санамда қалған бекіре балықтың желіміне байланысты сұрақтар кейінгі жылдары, әсіресе зейнеткерлікке шыққан соң қайта жаңғыра бастады. Ол қалай, неден жасалады деген сұрақтар жиі-жиі мазалап ізденуіме тура келді. Осылайша бекіренің желімі деген мәселе мені өзіне тарта бастады. Бекіренің терісін бір ыдысқа салып, суға қосып торсылдағымен қоса қайнататын көрінеді. Суы сарқылып, әбден қоюланғанында жылы күйінде керекті жерлерге жағып ағаштарды желімдеген. Бір ерекшелігі бабына келтіріліп дайындалған желімдер қанша жыл өтсе де, жігінен ажырамай сол күйінше қалады екен. Бұған дәлеліміз, қаншама жыл қар мен жаңбыр суына шыланып, шыжыған күн астында жатқандығы белгісіз Жаппарберді жыраудың домбырасындағы желімнің әлі күнге дейін сыр бермей келгендігі дер едім. Осындай сауалдарымды Арал қаласы, Жағал Таушанов көшесінің тұрғыны Бармағанбетов Оңдабай ақсақалға қойғанымда, өзінің бұл мәліметтерді кезінде Бөген, Аққұлақ елді мекендерінде тұрған Ахметов Абылай ағасынан естігендігін алға тартты. Абылай ақсақалды көзіміз көрді, әңгімелерін де тыңдағанмын. Әңгімелерін нық айтатын, шежіреге бай, есті де, зерделі, қазыналы қария болатын. 1930–2019 жылдары өмір сүрген ақсақал ел арасындағы санаулы білімпаз, білгірлердің бірінен саналатынды. Әбекең айтқан тарихи дерек, қазақ өнерінің бір қыры мен сыры осылайша ашылып көпшілікке жария болды. Бұл естелік, деректерді кезінде білетіндер де болғанымен кейінгі буынның естімегендері ақиқат шындық. Бекіренің терісінің осындай қасиеттері болса, оның етінің дәмділігі ешкімге де құпия еместігі белгілі. Дәмділігі жағынан жылқының етімен теңдеседі екен. Ал, жақ еттерінің дәмінің тіл үйіретіндігіне таңданбасқа болмайтын құнарлылық болып шықты. Бұл, әсіресе Арал теңізінде өсіп-өнген бекірелерге ғана тән қасиет болса керек. Каспий теңізінде болатын бекіре тұқымдас шоқыр немесе пілмайы дәмділігі жағынан Аралдың бекірелерімен теңдесе алмайтындығы белгілі жағдай. Біз оның өнеркәсіптік маңызы туралы айтып отырғанымыз жоқ. Егер, Аралдың бекіресінің ірілері 30–40 кг салмақ тартса, шоқырлар одан әлдеқайда салмақтырақ көрінеді. Уылдырығы өте қымбатқа бағаланатын қасиеттеріне ие. Етінің сапалылығы осындай болса, ал одан алынған майының ерекшелігі тіпті де бөлек. Бекіренің майын жағалау жұрты түрлі ауыруларға ем ретінде пайдаланған. Әсіресе, адамның ішкі құрылыстарына таптырмайтын дәрумен екен. Бауыр, бүйрек, асқазанға да пайдасы мол. Адамның сүйек, буындарын мықты қылып қатайтып бекітетіндігін көне көз қариялар жыр қылып айтады. Ақшатаулық Жұбатқанов Шанжарханның өз басынан өткеріп тыңдаған мынадай мәліметті айтып бергендігі бар. 1980 жылдары өзінің бір баласы кенеттен ауырып, Арал аудандық ауруханасының хирургия бөліміне барғанында, меңгерушісі Г.Т.Кимнен естіген қызықты оқиғаны өз ауызынан тыңдаған. «Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Уәлиевтің қолқасы ауырып, қатты жөтел пайда болғанында, ол кісіге бекіренің майын ішкізіп емдеп шығарған екен». Шәкеңе де осы емді пайдалануға ұсыныс жасаған. Аяқ астында бекіренің майы табылсын ба. Бекіренің қасиеттерін санамалап шыққан көне көздерінің саф алтындай сырларға толы ғибраттары осындай болып шықты. Қазақта «бекіре балықтың тұмсығы тасқа тимей қайтпайды» тәмсіл бар. Оның мәнісі табиғи инстинкке байланысты. Уылдырық шашу мерзімі таянғанында ағысқа қарсы жүзіп барып, тастақты жерлерге шашады екен. Жататын және жайылымдық аймақтары да тасты жерлер болған. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылығында болған 2013 жылы қыркүйек айында сол кездегі аудан әкімі М.Ж.Жайымбетовтың тапсырмасы бойынша ауданның барлық елді мекендері мен орталықтарын аралап көргенім бар еді. Теңіздің солтүстік бетіндегі Ақбасты мен Құландының аралығындағы жағалауға таяу жар қабақтың астындағы кең алқапта ұзындығы бірнеше шақырымға созылған кәдімгідей қолмен қойып, жымдастырылып, қаланғанындай шақыр тастарды көргендігім бар. Табиғат жаратылысының мұншама шеберлігіне таң қалғандығым сонша, құдды бір жаяу жүргіншілер алаңдарында төселген брусчаткалар тәрізді. Кейіннен барып сұрастырып білгенімде бұл тастар, бекіре балықтарының жайылым жатақтары екен. Жаратылыстың осыншама шеберлігіне таң қалмасқа шараң да жоқ. Тіршілік заңына сәйкес әрекет ететін бір ғана бекіре балығының өмір сүруіне, осыншама мән беріліп, жасалынған қамқорлықтың шегі жоқ тылсым сырларының өзі неге тұрады? Болмаса, Арал теңізін мекендеген барлық бекіре балықтары жиналып, қаншама қажыр-қайрат жұмсаса да, дәл осындай ғажайыпқа жете алмасы белгілі емес пе? Негізінде табиғаттың әлі де ашылмаған құпия сырлары жетерлік тәрізді. Таңқаларлығы сол басқа балықтардың ауыздары тұмсығында болса, бекіренің төсінде болады екен. Сол төсіндегі ауызымен шақыр тастарға біткен микро элементтері, олардың мәңгілік азықтарына айналған, қоректеріне жараған ғажайыптарының бірі де, бірегейі болса керекті. Сол қоректік заттары оларды 30–40 кг салмақтарға дейін жеткізіп, әлемде теңдесі жоқ сапалы да, дәмді етке айналдырып, тек қана теңіз жағалауындағы мыңдаған жандарының несібелері мен дерттеріне шипа берген құдірет күштері болып келгендігі аян болып отыр. Осыдан кейін бекіре балығын киелі тіршілік иелері деп, ал жағалау жұртын, балықшылар қауымын олардан да асқан құдірет пірлері деп атаған жөн демекпін. Осы күндері экономикалық тақырыптар сөз бола қала қалса, дереу кластерлік жүйе деп тақылдай жөнелетін әдеттердің пайда болғандығы ешкімнен жасырын емес. Құдды бір елден-ерек дамудың даңғыл жолын жаңа көргендей, тапқандай болып жатамыз. Арал теңізінің жағалауында тіршілік нәрін айырып, біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешкен аталарымыз айғай салып аттандамай-ақ, өздерінің табиғи тәжірибесімен, біліктіліктерімен, осы күндері айтылып жүрген балық кластерін жасап-ақ тастапты. Қарасаңыз бір ғана бекіре балығының өзінен тағамдық ет дайындап, алтынға бергісіз уылдырығын пайдаланып, майын түрлі ауыруларға ем ретінде ұсынған. Терісін қаншама ыстық пен жаңбыр, қар суларына, түрлі ылғалдарға төтеп бере алатын табиғи желім ретінде пайдаға асырып отырған. Қалып тұрғаны сүйектері ғана. Аманөткелдік марқұм Ысымов Қуанышбай ақсақалдан естіген дерегім бойынша теңіз тарландары ашаршылық жылдарында балық сүйектерін, келіге түйіп, қол диірмендеріне тартылған ұнтақ күйінде нан орынына пайдаланған екен. Осыдан барып «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тәмсіл де шыққан. Бірақ, қаншама болса да, табиғи дәнге, нанға жетпейді екен деп естелігін аяқтағаны есімде қалыпты. Жоқшылық не жегізбеген бұл халыққа. Бұдан шығатын қорытынды, аталарымыз «теңіз деген» аса үлкен академияның оқымаған академиктері демекпіз. Осындайда даланың, қарапайым қазақтың даналығын еріксіз мойындауға тура келеді.
Дәрменов Тәңірберген,
өлкетанушы
13 қаңтар 2026 ж. 39 0