Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Даниялық ғалымдар Аралға алаңдаулы

Даниялық ғалымдар Аралға алаңдаулы

Тарамдалған тарихтың әр парағында қаншама сыр болса, теңіздің әр толқынында өткен күннен із жатыр. Осыдан 28 жыл бұрын, 1996 жылы «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» атты халықаралық дат-қазақ біріккен жобасы басталған болатын. Нәтижесінде мұхиттың ащы суын мекендейтін камбала балығы Арал теңізіне жіберіліп, аралдық балықшылар судағы бейтаныс тіршілік иесін аулай бастады. Содан соң даниялық әріптестер көмек қолын созып, қажетті ау-құралдармен қамтамасыз етті. Айталық, Дания елінен осы мақсатта Арал балықшыларына 1 млн АҚШ долларына жуық қаржы аударылды. Бұл Арал теңізін құтқару жолындағы алғашқы қадамдардың бірі еді.
Жақында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Дания мемлекетінің белді экологы, бұрынғы балықшы, жоба жетекшісі Курт Кристенсен мен ғалым Курт Расмуссенді қабылдады.
Аудан басшысы кездесу барысында Арал ауданының дамуы туралы айтып, қонақтарға Арал теңізінде балық шаруашылығын дамытуға, өңірге халықаралық инвестиция тартуға қосқан үлесі үшін даниялықтарға алғысын білдірді.
– Арал балықшылары қайықтарын артып, жан-жаққа үдере көше бастаған кезде теңізде тек камбала балығының пайда болғаны олардың болашаққа үмітпен қарауларына септігін тигізді. 2000 жылдардың басында өңірдегі балық шаруашылығы осылайша өздеріңіздің қолдауларыңызбен қайта қалпына келе бастады. Бұл ретте «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін реттеу» жобасының да жемісті жүзеге асқанын айта кету қажет. Қазіргі таңда теңіз суының азайып, тұзданып бара жатқаны да жасырын емес. Осыған орай, салаға жауапты мамандарымызбен бірге тұзды суға төзімді бағалы балық түрлерін көптеп өсіру бойынша жоба әзірлеудеміз. Сондай-ақ тоғанды балық шаруашылығымен айналысуды су көзі бар барлық елдімекендерде қолға алуды көздеп отырмыз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Курт Кристенсен, Арал теңізіне қатысты үш жылдық жоба әзірлегенін айтты. Алдымен теңіз туралы деректі әрі ғылыми фильм түсіріп, әлемдік деңгейге шығаруды жоспарлауда. Негізгі мақсат адамзаттың қолымен жасалған экологиялық апаттың зардабын ғалам жұртына ұғындыру мен теңіз арнасын қайта қалпына келтіруге тиісті шаралар қабылдау. Осылайша экологтар дүниежүзінен Арал теңізіне инвестиция тартуды ниет етіп отыр.
Сондай-ақ дат ғалымы ең алғаш Арал топырағына 1998 жылы табаны тигенін, өндірістердің тоқырағынын көргенін, ал бүгінде бір Аралдың өзінде ондаған балық зауыттары өнімдерін шет елдерге экспорттап жатқандығы көңіл қуантатынын жеткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі ғалымдарға жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулардың жасалатындығын, Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстанның төрағалық етуі де айдынды өлке жұртының келешегіне деген зор сенім ұялататынын, Арал теңізіне қатысты мәселелерді оңтайлы шешуде бірлесе жұмыс жасайтындығын айтты.
Жиын соңында аудан әкімі даниялықтармен бірге теңізді толтыруға халықаралық қорлардан қаржы тарту бойынша уағдаласты.
«Толқын» ақпарат
05 наурыз 2024 ж. 377 0