Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдың жайы жөнделмек

Жолдың жайы жөнделмек

Қызылорда соңғы жылдары даму қарқыны жағынан ерекшелене білді. Әрбір жылдың қорытындысымен үздіктер көшінен қалмай келе жатқан аймақ ауызға жиі ілігіп, жақсы жағынан айтылып келеді. Назардан тыс қалмай, көпке үлгі болып келеді.
Алайда бұл апта тіпті айрықша болды. Барша қазақтың, барлық бұқаралық ақпарат өкілдерінің назары Сырға ауды. Себеп бар. Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай өтті. Алаштың анасына айналған аймақта елдік мүддені күйттеген, мемлекетіміздің ертеңіне ерекше серпін беретін көптеген мәселелер тілге тиек етілді.
Айтар болсақ алдағы уақытта елімізде іске асатын жобалар мен істелетін жұмыстың ұшы-қиыры жоқ. Барлығы дамуға бағытталған, өсуге, өркендеуге негізделген қадамдар. Көрдік, білдік. Енді айтуға тиіспіз.
Бір қуантарлығы – аталған мәселелердің қатарында Арал ауданына қатысты мәселелердің сөз болуы еді. Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады, – деп атап айтты.
Айтылған қос даңғыл аралдықтар үшін бірінен бірін ерекшелеп алуға келмейді. Өйткені қос жолдың да қажеттілігі халықтың басты сауалдарының негізгісі.
Иә, расында Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы даңғыл жол талайлардың тағдырын жалмады. Ең өкіншітісі осы адам шығыны. Ал ең жеңілінің өзі көлік жүргізушілерге туындатқан қиындық. Әр сапары сайын өз меншігіндегі темір тұлпарды тоздыратын тас жолдың кедір-бұдыры жойылып, жол жаңарып, дәліз даңғылы кеңейетін болса, бұл – аралдықтардың қуанышы.
Бүгінде бұл жолмен тәулігіне мыңдаған көлік өтеді. Аралдан Ақтөбеге дейінгі 600 шақырымдай қашықтық сол көлік жүргізушілерінің бас ауруына айналған. Қазіргі таңда аралдықтар мен көршілес облыстың арасын жалғап тұрған такси тізгендердің сөзі мынау.
– Такси қызметі біздің – нанталабымыз. Барлығымыз отбасымызды асырау үшін көлік рулінде жүріп нәпаха табамыз. Бірақ жолдың қиындығын айта-айта шаршаған едік. Қызылордадан ары қарай шықсақ, қызығымыз, төрт жолақты жолдың жайлылығын сезінеміз. Ал жолдың тарлығы мен Ақтөбеге бет алған тұстағы ойдым-ойдым шұқырлар бәрінен бұрын көлікті тоздырады. Әр сапарымыз сайын көлікті жөндеуге тура келетін кездер де болды. Бүгінгі қымбатшылық уақытта көліктің кеткен жерін түзетіп, тапқан табысымыздан артылмай қалатыны жасырын емес еді. Кешегі Құрылтайдағы сөз осы қиындықтың бәрін еңсеретінімізді аңғартып, көңілге қуаныш ұялатты, – дейді.
Ал қара халықтың айтары тіпті ауыр.
– Адам болған соң тіршіліксіз болмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат деген болады. Олардың қуанышы мен қайғысына ортақтаспай тағы тұра алмайсың. Ондай кезде пойызға билет бірде табылады, бірде табылмайды. Сондай кездерде амалсыз такси қызметіне жүгінеміз. Бірақ жеткенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. «Жол мұраты – жету» дегендей аман-сау жетсек деп уайымдайтынбыз. Өйткені ақиқаты сол, қаншама жанның ғұмырын жалмады. Жасы да бар, кәрісі де бар. Енді міне, бар уайым артта қалатын болады. Елдің, жұрттың амандығынан асқан не бар дейсің?! Біздің қарттық тілегіміз де солардың амандығы ғой, – дейді қала тұрғыны А.Жолмағамбетов ақсақал.
Ал шалғайда жатқан Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Құланды ауылдарының тұрғындары үшін былтырғы Жолдау жақсы жаңалықтың жаршысы болған. Енді міне, сол сөз күшіне еніп, жүзеге асқалы отыр. Еліміз егемендік алғалы жол азабын шегіп келе жатқан Арал ауданына қарасты шалғайдағы ауылдар көктем, қыс мезгілдерінде тіпті қатынассыз қалатын кездерді де бастан өткерді.
Міне, осы қос мәселенің өзі мерейімізді асырып, көңілімізге қуаныш орнатты. Әлі талай табысты жылдардың куәсі боларымызға сенім мол.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
24 қаңтар 2026 ж. 80 0