Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыстар комиссия отырысында тыңдалды

Атқарылған жұмыстар комиссия отырысында тыңдалды

Бүгін «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті.
Жиынды комиссия төрағасы Нұрсауле Сайлауқызы ашып, жүргізді. Отырыс барысында партияның 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстардың орындалу барысы жан-жақты қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту және аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру бағытындағы индикаторлардың орындалуы тыңдалды. Аталған мәселе бойынша Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Ержан Нақылов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен мәлімет берді. Баяндамашы жол сапасын жақсарту, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.

Келесі кезекте бұқаралық спортты дамыту көрсеткіштерінің 2025 жылдағы орындалу нәтижелері қаралды. Бұл бағытта Арал аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бас маманы Зияғаладин Арыстан хабарлама жасап, аудан тұрғындарын спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спорттық іс-шаралардың саны мен сапасын арттыру бойынша жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бастамалардың маңыздылығы атап өтілді.
Отырыстың үшінші мәселесі – жастарды қолдау бағытындағы индикаторлардың орындалуы болды. Бұл жөнінде Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының статисті Құрманалиев Шынболат баяндама жасап, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жұмыспен қамту, білім беру және қоғамдық бастамаларға тарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынды. Жастар саясатын тиімді жүзеге асыру – ауданның тұрақты дамуының маңызды тетігі екені ерекше атап өтілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық ұсыныстар беріліп, қаулылар бекітілді.

Аталған отырыс партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау, халық алдындағы жауапкершілікті арттыру және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
@актуальное
27 қаңтар 2026 ж. 61 0