Партия активінің отырысы өтті
Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен Арал ауданында партия активінің отырысы өтті. Алқалы жиынды аудандық мәслихаттың және партия филиалының төрағасы Базарбай Төрахметов ашып, жүргізді. Онда партияның аудандық филиалының 2025 жылы атқарған жұмыстары жан-жақты қаралды.Атқарушы хатшы Талғат Қанатов өткен кезеңдегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, партиялық жобалар мен бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Аяғанов Еркебұлан комиссия қызметінің нәтижелерін таныстырып, партиялық бақылаудың маңыздылығына назар аударды.
Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы да назардан тыс қалмады. «Көктем» бастауыш партия ұйымының төрағасы өз сөзінде ұйымның қоғамдық және әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті.Атқарылған жұмыстарды саралаған партияның облыстық филиалы төрағасы Жандос Базартай партияның негізгі басымдықтарына тоқталды. Ол сөзінде партия мүшелерін алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарға белсенді қатысуға, маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырып, партия активі алдына бірқатар міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Конституциялық реформаларға да арнайы тоқталып, бұл бағытта «AMANAT» партиясы ашықтықты басты қағида етіп, азаматтарға жан-жақты әрі жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және халықпен тікелей, адал диалог орнатуға басымдық беретіндігін атап өтті.Жиын барысында партияның бірқатар белсенділері Алғыс хатпен марапатталып,жаңа мүшелерге партиялық билеттер табысталды.
#AMANAT








