Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Балалар үйінің түлегін баспанаға тіркемеген

Қызылорда: Балалар үйінің түлегін баспанаға тіркемеген

Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотында талап қоюшы С.-ның тұрғын үй кезегіне қою құқығын тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.
Талап қоюшы С. 1997-2007 жылдар аралығында балалар үйі-интернатында тәрбиеленген.
2024 жылы талап қоюшы тұрғын үй инспекциясы бөліміне 2007 жылдан бастап «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша есепке тұруға өтініш берген. Алайда, оны тұрғын үй кезегіне есепке қоюдан бас тартылған.
Талап қоюшы сотқа талап қою беріп, балалар үйінен шыққаннан бері жалдамалы пәтерде тұрғанын және балалар үйі түлектерінің тұрғын үй алуға құқығы бар екенін кеш білгенін көрсетіп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін есепке тұру құқығын тануды сұраған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, интернат пен білім беру бөлімі талап  қоюшыны тұрған үй кезегіне қоюға тиісті құжаттарды жергілікті атқарушы органдарға жібермеген. Соның салдарынан талап қоюшы уақытында есепке қойылмаған.
Сот іс құжаттарын зерделей келе, талап қоюшы мектепті бітіргеннен кейін «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке тұруға қатысты құқықтық қатынастар пайда болған деген тұжырымға келді.
Сот шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылып, тиісті мемлекеттік органдар талап қоюшыны тұрғын үйге кезегіне 2007 жылғы 30 мамырдан бастап есепке тұрғызуға міндеттелді.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
12 ақпан 2026 ж. 60 0