Балалар арасында қауіпті ойындар көбейді
Бүгінгі цифрлық ғасырда смартфон мен гаджеттердің рөлі тек коммуникация мен білім алу құралына айналып қана қоймай, сонымен бірге балалар арасында тәуелділіктің дамуына себепші факторға айналып барады. Қазақстандық мамандар мен зерттеулер осы феноменнің қауіптілігі, салдары мен алдын алу жолдары туралы ескертіп жүр. Статистика мен зерттеулер Қазақстан Республикасының Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметі бойынша, еліміздегі балалардың 33,9% күніне 2 және одан да көп сағат түрлі құрылғылардың экраны алдында отырады. Бұл көрсеткіш білім, физикалық белсенділік және әлеуметтік байланыстар үшін уақыттың қысқаруына әкеледі. Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне қарағанда, 10-14 жас аралығындағы оқушылар әлеуметтік желілер мен интернетте бірте-бірте көп уақыт өткізіп жатыр.
Ата-аналардың деректеріне сүйенсек, ата-аналардың тек 15%-і ғана балаларының смартфон пайдалануын бақылауда ұстайды, ал қалғандарының көбі бақылау құралдары туралы мүлдем естімеген.
Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі қауіпті ойындардың көбейгені қоғамды алаңдатып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «челлендждер» мен жасырын тапсырмалар балалардың психикасына да, денсаулығына да кері әсер етуде. Қазақстанда осындай ойындарға тыйым салу мәселесі көтеріліп, заңнамалық деңгейде шектеу шаралары қабылданбақ. Алайда бұл бастама қаншалықты тиімді? Мәселенің тамыры қайда жатыр?
Қауіпті ойындар әртүрлі формада кездеседі. Кейбірі баланың батылдығын сынайтын сияқты көрінгенімен, шын мәнінде өміріне қауіп төндіреді. Мәселен, биік ғимараттарға шығу немесе көпірден секіру, тыныс алуды уақытша тоқтатуға бағытталған «сынақтар», денеге зақым келтіруді талап ететін тапсырмалар, түнгі уақытта үйден жасырын шығу, белгісіз адамдардың нұсқауын орындау. Мұндай әрекеттердің артында көбіне әлеуметтік желідегі белгісіз топтар немесе танымал болуды көздеген блогерлер тұрады. Балалар арасында «ерлік», «батылдық» немесе «танымалдық» үшін бәсекелестік бар. Ал жасөспірім психологиясында тәуекелге бару сезімі жоғары болатыны белгілі.
Психолог мамандар қауіпті ойындарға қатысудың бірнеше негізгі себебін атап өтті.
–Біріншіден, өтпелі кезеңдегі эмоционалдық тұрақсыздық. Жасөспірімдер өз орнын табуға тырысады, өзгелердің назарын аударғысы келеді. Екіншіден, әлеуметтік желідегі қысым. «Лайк», «қаралым», «танымал болу» ұғымдары бала санасына ерте сіңіп жатыр. Үшіншіден, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі. Көп жағдайда ата-аналар жұмыспен барысымен жүріп баланың ішкі әлеміне үңілуге уақыт таппайды. Төртіншіден, цифрлық сауаттың төмендігі. Интернеттегі қауіпсіздік ережелерін балалар да, кейде ата-аналар да толық білмейді.
Кей жағдайларда балалар қауіпті ойын арқылы өз мәселелерін «шешкісі» келеді немесе жалғыздық сезімін басқысы келеді. Бұл — қоғам үшін дабыл қағарлық жайт, – дейді психолог Бану Әбілғазиева.
Қазақстанда балаларға қауіп төндіретін контентке шектеу қою бастамасы орынды. Зиянды сайттарды бұғаттау, қауіпті топтарды анықтау, жауапты тұлғаларды жазалау – бұл мемлекеттің міндеті.
Алайда интернеттің шекарасы жоқ. Бір платформа жабылса, екіншісі пайда болады. VPN, жасырын аккаунттар, шетелдік серверлер арқылы тыйымды айналып өту оңай. Сондықтан тек бұғаттаумен мәселе толық шешілмейді.
Заң – қорғаныс құралы. Бірақ ол тәрбиенің орнын баса алмайды. Мектеп пен отбасының жауапкершілігі Бұл мәселеде мектептің рөлі ерекше. Білім беру мекемелерінде цифрлық қауіпсіздік сабағын күшейту, психологиялық қолдау қызметін дамыту, оқушылармен ашық пікірталас ұйымдастыру, қауіпті трендтер туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Ал ата-аналар үшін ең маңыздысы – баламен сенімді қарым-қатынас орнату. Баланың телефондағы әр әрекетін бақылаудан гөрі, оның ішкі жай-күйін түсіну әлдеқайда тиімді. Егер бала ата-анасына сенсе, қауіпті ұсыныстар туралы өзі айтып келеді.
Балаларын телефоннан шектеген соңғы айларда олардың бойынан оң өзгерісті байқаған Әлия Нысанбаева өз оқиғасымен бөлісті.
– Балаларымыз кішкентай кезінде телефоннан түрлі балаларға арналған бағдарламалар көріп тынышталатын болған соң шектемейтін болдық. Кейін өсе келе ойын ойнайтынды шығарды. Бірде телефонын алып қарасам жауыздыққа толы, атыс-шабысқа негізделген ойындар ойнап жүргенін көріп қорқып кеттім. Дереу әкесіне айтып шектеу қойдық. Бастапқыда балам күйгелектеніп, ашуға ерік берді. Бірақ түсіндіріп айтқан соң тынышталды. Қазір мүмкіндігінше түрлі кітаптар оқуға баулудамыз, – дейді.
Мамандар ата-аналарға баламен күн сайын ашық әңгімелесу, оның достарын және қызығушылықтарын білу, гаджет қолдану уақытын реттеу, интернет қауіпсіздігі туралы үнемі түсіндіру қажеттігін айтады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желі платформалары балаларға арналған қауіпсіздік алгоритмдерін күшейтуі керек. Жасанды интеллект арқылы зиянды контентті жылдам анықтау – заманауи талап. Қауіпті ойындарға тыйым салу – дұрыс қадам. Бірақ түпкі шешім – бала тәрбиесінде, психологиялық қолдауда және цифрлық мәдениетті қалыптастыруда жатыр.
Балалар бос уақытын пайдалы өткізуі үшін спорт секцияларын көбейту,
шығармашылық үйірмелерді қолжетімді ету, аула клубтарын дамыту, жастарға арналған қауіпсіз онлайн-платформалар құру қажет.
Бала энергиясын дұрыс арнаға бағыттаса, қауіпті ойынға қызығушылық азаяды. Балалар арасындағы қауіпті ойындар – уақытша құбылыс емес, цифрлық дәуірдің шындығы. Оған тек тыйыммен қарсы тұру жеткіліксіз. Бұл – отбасы, мектеп, мемлекет және қоғам болып бірігіп шешетін кешенді мәселе. Бүгін қабылданған шешімдер ертеңгі ұрпақтың тағдырына әсер етеді. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз және әрбір азамат баланың қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Баланың өмірі – ең қымбат құндылық. Оны қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
Фото: qazaly.kz










