Абыржы кезінде мұзда абайлайық!
Қыстың соңғы айы да аяқталуға таяу. Кешегі ызғарлы күндер артта қалды. Ауа-райы көктемнің қарасы көріне бастағанын аңғартып тұр. Сондықтан, теңіз үстінде жүру қауіп төндіреді. Сірескен мұз бүгінде жұқарған. Оңай олжаға құнығып, балық аулауға шығу орны толмас өкінішке апаруы мүмкін.Мұны не үшін айтып отырмыз. Қазіргі таңда балық аулау мақсатында тереңнен су маржанын сүзуді әдет қылғандардың баршылық екенін жасыра алмаймыз. Оны арнайы инспекторлар қайта-қайта қадағалап, рұқсат етілмеген жерден балық аулау немесе ескертуді елемеудің арты сан соқтыратынын айтудайын айтуда. Ендеше, абыржы кезінде абдырап қалмаудың ең тиімді жолы жұқарған мұз үстіне шығудан аулақ болу. Ата заңымызда айрықша көрсетілгендей адам бәрінен қымбат. Сондықтан, сақтансаң сақтайды деген қағиданы ескере отырып, әуесқой немес кәсіби балық аулаушыларды сақ болуға шақырамыз!
Арман БАЙЗАКОВ,
«АСТА» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры
Фото: massaget.kz










