Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқа мұз – жасырын қауіп

Жұқа мұз – жасырын қауіп

Қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі – азаматтармен мұз үстінде жүру тәртібі сақталмай, қайғылы жағдайлар орын алуда. Жыл сайын орын алып жатырған адам қазасы да көптеген азаматқа сабақ болмауы өкінішті-ақ. Көп жағдайда мұз үстінде балық аулау үшін немесе жол қысқарту мақсатында дарияны кесіп өтетіндігі бәрімізге мәлім. Дегенмен де өз өмірін тәуекелге тігіп, сақтық шараларын ұмытуға болмайтындығын әрқашан естен шығармаған абзал. Ауа райының жылы болуынан аудан көлеміндегі барлық су айдындарында және Сырдария өзенінде мұздың қалыңдығы жұқа және әр жерден жарықтар пайда болуына байланысты мұздың техникалық төзімділігі талапқа сай емес. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының» талаптарына сәйкес, жаяу жүргіншілер үшін мұздың қалыңдығы – 10 см, ал көліктермен (тек қана арнайы өткелдерден өту үшін) 25-30 см болғанда ғана рұқсат етіледі. Мұз үстінде болғанда: 1) жұқа және бекімеген мұз үстіне шығуға; 2) мұздың жекелеген учаскелерінде топпен жиналуға; 3) мұздағы жырмаларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға; 4) автомобильдермен арнайы жасақталған өткелдерден тыс жерге, яғни су айдындарына шығуға; 5) мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді. Жеке құтқару құралдары болғанда ғана мұз үстінде балық аулауға рұқсат етіледі. Мұз астынан балық аулау кезінде: 1) шектелген алаңда екеуден артық шұңқырша оюға; 2) мұз үстінде от жағуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар су айдындарының маңында орналасқан елді мекен тұрғындары өз балаларының мұз үстіне шығып ойнамауына, қауіпсіздік талаптарын сақталуына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қатаң қадағалағаны абзал. Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
29 қараша 2022 ж. 515 0