Қызылшаға қарсы қаулы негізінде қызметтер жүргізілуде
Елімізде қызылшаның таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ұйғарымымен қаулы қабылданған болатын. Құжатта республика аумағында қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі айқындалған. Осы мақсатта аймақта атқарылатын жұмыстар тізбегін Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.- Құжатта қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы иммундауды кеңейту көзделген. 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды жағдай тұрақтанғанға дейін егу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ 30 жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ, ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін осы инфекцияға қарсы жаппай иммундау барысында егілмеген денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері де екпе қабылдайды. Қаулыға сәйкес балаларды стационарларға, ұжымдық ұйымдарға қабылдауға қатысты бірқатар күшейту шаралары белгіленді. Айта кетейік, қызылша жағдайларының тіркелуі кезінде екпе алмаған балалар мектепке дейінгі ұйымдарға және мектептерге барудан уақытша шеттетіледі. Қызылшамен ауыратын науқастармен байланыста болған, ауру белгілері бар не инфекциялық аурулардың ошақтарынан келген әскерге шақырылушылар әскери бөлімдерге келген кезде 21 тәулікке оқшауланатын болады,- деді Әлия Мүтәліпқызы.










