Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруының алдын алу шаралары

Қызылша ауруының алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді.2024 жылдың қаңтар айының 01-18-ші жұлдызы аралығында барлығы қызылша ауруының 52 жағдайы тіркеліп, оның 48 жағдайы 14 жасқа дейінгі балаларды құрады. Қызылша - кең таралған балалар мен ересектер үшін қауіпті жіті инфекциялық вирустық ауру. Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы беріледі.
Ауру қоздырғышы сыртқы ортаға науқас адам сөйлеген кезде түкірікпен, түшкірген кезде, жөтелген кезде бөлінеді. Инфекция көзі-қызылшамен ауырған адам. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе қызылшаға қарсы екпе алмаған адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Бұл аурумен ауырып жазылған адамда өмір бойы иммунитет қалыптасады. Ауру қоздырғышы вирус адам ағзасына енгеннен кейін аурудың инкубациялық кезеңі басталады, ол 7-21 күнге созылады.
Қызылшаның клиникалық белгілері : дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріледі, құрғақ жөтел және мұрыннан су ағу, тамақ ауруы, көздің қызаруы, іріңдеуі пайда болады. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – тістердің түбінде, ауызда ақ, қызыл бөртпелердің пайда болуы. Бұл дақтардың болуы ауруды ерте диагностикалауға және қажет болған жағдайда баланы уақытылы оқшаулауға көмектеседі. Дене қызуы жоғары көтерілген кезде балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі, жалпы иммуниттетті әлсіретуі, соның салдарынан басқа да созылмалы ауруларды қоздыру қаупі ұлғаяды. Қызылшаға тән қызыл бөртпелер бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады, бетке, мойын аймағына және кеудеге таралады. Екінші күні иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісі бөртпемен жабылады, үшінші күні саусақтарды қоса, төменгі аяқтарға,табандарға таралады. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4 күн ішінде жағдай жақсарады. Температура қалыпқа келеді, бөртпе жоғалады, пигментация қалады. ( ол да уақыт өте келе жойылады).
Алдын алу шаралары :
Қызылша ауруынан сақтанудың тиімді жолы – профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы егу шараларын жасату.Алғашқы егу шарасы баланың 1 жасында және қайталап егу 6 жасында, баланың мектепке барар алдында жүргізіледі. Қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.
Қазіргі кезде жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына байланысты республика бойынша қосымша жаппай иммундау жұмысы ұйымдастырылып жүргізілуде. Арал ауданындағы белгілі бір контингенттегі адамдарды қызылшаға қарсы егу жоспары бойынша 7419 адам қызылшаға қарсы егілу керек болса, бүгінгі таңда 7258 адам егілді, яғни 97,9 пайыз, оның ішінде 6 ай-10 ай 29 күн аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егуге 1125 бала жоспарланған болатын, бүгінгі таңда 1102 бала егілді, яғни 98 пайыз, 2-4 ж.11 ай 29 күн аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5076,яғни 96,7 пайыз, медицина қызметкерлері жоспар-297, орындалғаны-297, яғни 100 пайыз, толықтыра иммундау жоспар 747, егілгені-790, яғни 105,8 пайыз.
Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады.
Қызылша ауруының алдын алу шараларына мән беріп, Өздеріңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан қорғаңыздар!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы

Фото: ​massaget.kz​​​ 
19 қаңтар 2024 ж. 286 0