Еңбегімен елге елеулі
1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл күн тек мереке емес, жүректегі ризашылықты сөзбен жеткізудің сәті. Бірақ біз күнделікті өмірде кімдерге алғыс айтуды ұмытып жүрміз?!
Халық түнгі ұйқысынан енлі оянар сәт. Көшелер бос. Дәл осы сәтте қолына сыпыртқы ұстап, үнсіз еңбекке кірісетін жандар бар. Қыс бойы қар күреп, жаз бойы шаң басқан жолдарды тазалап, айналаны ретке келтіретін коммуналдық қызметкерлер. Біз таза көшемен жүріп өтеміз, бірақ сол тазалықтың артында тұрған еңбекті сирек ойлаймыз. – Мен бұл салада біраз жылдан бері еңбек етіп келемін. Таң сәріден көшеге шығып, қала оянбай тұрып жұмысымды бастаймын. Қолымызға сыпырғыш пен күрек ұстап, қарлы боранда да, аптап ыстықта да бір мақсат үшін еңбек етеміз. Әрине, ол – туған қаламыздың көркі мен тазалығы үшін.
Кейде еңбегіміз көзге көрінбей жататыны рас. Алайда таза көшемен жүріп өткен әрбір тұрғынның жайдары көңіл күйін көргенде, еңбегіміздің зая кетпегенін сезінеміз. Бір ауыз «рақмет» деген сөз біз үшін үлкен марапатпен тең. Себебі тазалық тек біздің емес, барша қоғамның ортақ мәдениеті.
Алғыс айту күні – біз үшін ерекше күн. Бұл күні адамдар бір-біріне ризашылығын білдіріп, еңбекті бағалаудың маңызын ұғынады. Осындай ықыласты сәттер бізге жаңа күш, жаңа жігер береді. Қала тұрғындарының қолдауы мен жылы лебізі бізді қанаттандырады, – дейді тазалықшы Сарагүл Омарова.

Қатты жел тұрып, электр желісі үзілген сәтте қараңғылықта қаламыз. Бірақ сол мезетте арнайы киімін киіп, биік бағанаға көтерілетін электрик бар. Ол қауіпке қарамастан, ел жарықсыз қалмасын деп қызмет етеді.
– Біздің жұмыс сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ арнайы киімімізді киіп, қауіпсіздік белдігін тағып, биік бағанаға көтерілген әр сәт үлкен жауапкершілік. Себебі біз жарықтың үзілмеуі үшін, әр шаңырақтың шамы сөнбеуі үшін еңбек етеміз. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да электр бағанасының басында жүреміз. Кейде боранды күні бағанаға өрмелеп тұрған сәтте, төменнен алаңдап қарап тұрған адамдарды көреміз. Сол кезде біздің жұмысымыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезінемін. Электр жарығы – жай ғана шам емес. Жарық сөнсе, тіршілік тоқтағандай болады. Ал жарық қайта жанғанда, халықтың жүзіндегі қуанышты көру біз үшін ең үлкен марапат.
Алғыс айту күні қарсаңында айтарым, біздің еңбекті бағалап, бір ауыз жылы сөз айтқан жандарға ризамыз. Бұл мамандық батылдық пен төзімділікті талап етеді. Бірақ ел игілігі үшін қызмет ету әрбір энергетика саласының қызметкері үшін абырой. Біз биік бағанаға тек сым жалғау үшін емес, халықтың сенімін ақтау үшін көтерілеміз. Жарық әрдайым жанып тұрса бұл біздің басты міндетіміз, – деді Арал аудандық электр торабының оперативтік шығу бригадасының электромонтері Ақылбай Нұрғалиев.
Түн ортасында науқастың жағдайы қиындаса, жедел жәрдем көлігі жарық шамын қосып, асығыс жетеді. Біреудің өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер мен фельдшерлердің еңбегі нағыз ерлік. Олар үшін бұл жай ғана жұмыс емес, адам тағдырына жауапкершілік. – Біз үшін әр қоңырау – бір тағдыр. Жедел жәрдем көлігінің дабылы қосылған сәттен бастап, уақытпен жарысамыз. Өйткені әр минуттың, әр секундтың бағасы қымбат екенін жақсы білеміз. Фельдшер болу тек мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілік. Науқастың жанарындағы алаңдаушылықты көргенде, ең алдымен оған сенім мен сабыр сыйлауға тырысамыз. Кейде алғашқы көмек көрсетіп, адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосу біздің ең үлкен бақытымыз.
Түн ұйқымыз төрт бөлініп, ауа райына қарамай жолға шығамыз. Бірақ бір адамның «рақмет» деген шынайы сөзі бар шаршауды ұмыттырады. Себебі біз үшін ең бастысы – адам өмірі. Әр шақыртуға үмітпен аттанып, амандықпен оралу біздің күнделікті тілегіміз. Халықтың сенімі бізге күш береді, – дейді Аманөткел дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Махсат Жаңайұлы.
Қарбалас тіршілікте біз олардың атын да білмеуіміз мүмкін. Олар сахнаға шықпайтын, марапат күтпейтін, үнсіз еңбек ететін жандар. Бірақ олардың жұмысы болмаса, біздің күнделікті жайлы өміріміз де болмас еді.
Алғыс айту күні – осындай «көрінбейтін кейіпкерлерді» еске алатын ерекше мүмкіндік. Бір ауыз «рақмет» деген сөзді айту қиын емес. Бірақ сол сөз бір адамның жүрегіне жылу сыйлап, еңбегінің бағаланғанын сездіруі мүмкін.
Бәлкім, бүгін сіз таңғы тазалыққа жауапты қызметкерге, аула сыпырушыға, жедел жәрдем бригадасына немесе жарықты қалпына келтірген маманға алғыс айтарсыз. Себебі шынайы құрмет үлкен мінберден емес, қарапайым ризашылықтан басталады. Кейіпкерлер кейде көзге көрінбейді. Бірақ олардың еңбегі біздің өміріміздің жарығы.
А.НҰРЛАНОВА








