Тазалық – баршаға ортақ іс

Бүгінгі технология шарықтап дамыған заманда әр адамның көзі ашық, көкірегі ояу. Қай істің дұрыс, қай істің бұрыс екенін саралай алатындай деңгейі бар. Бірақ сол тұрғындарға тазалықтың өз табалдырығынан басталатынын жеткізу соншалықты қиын болып отыр ма? Жоқ, әрине. Сана тазармай, қала тазармайтыны секілді, әр адам тазалықты өзінен бастар болса, қаламызда тазалық жөнінен мәселе қозғалмас еді.
Кей тұрғындардың аулаға бейберекет шығарған қоқыстары қала көшелерін ластап жататыны анық. Осы орайда ауданымыздың желді ауа райын ескере отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды ашық түрде тастамауы қажет. Ескере кетсек, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бойынша бейнебақылау камералары арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады.
Көрікті қаламыздың экологиясы – басты мәселе. Ауа ластанбай, тазалық шарасы сақталған жерде ғана қоршаған ортаға зиян келмесі анық. Сол үшін сіз бен біз болып қала тазалығын басты назарда ұстайық! Өскелең ұрпақ бойына тазалық мәселесінің адам өміріндегі маңызы туралы айта жүріп, өз мекеніне зияны тиетін іс жасамауына кепіл болайық.
қала тұрғыны, зейнеткер