Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрма емес, құртты таңдаған

Құрма емес, құртты таңдаған

Ораза айы – тек таң атқаннан күн батқанға дейінгі ашығу емес, адамды сабырға, ниетті тазартуға, жан-жағына мейіріммен қарауға шақыратын мұсылман күнтізбесіндегі тоғызыншы, ең қасиетті ай. Ата-бабамыз ислам қағидаларын көбіне өз тұрмысына, кәсібіне, күнкөрісіне бейімдеп орындаған. Осы себепті қазақ даласында ауызашар беру, жарапазан айту, пітір садақа беру, Қадір түні сияқты дәстүрлердің мазмұны бүгінгі түсініктен сәл өзгеше болған.
Қазақ «ауызашар берудің» сауап екенін ертеден түсінген. Бірақ бұрын ауызашар көбіне отбасылық, әулеттік, ғұрыптық дастарқан сипатында болған. Яғни бұл ең алдымен үй ішін, туған-туысты, жақын-жуықты ұйыстыратын амал еді.
Малды да, асты да молынан бере алатын байлар аз болмаған. Бірақ фольклорда не тарихта «пәленшенің атақты ауызашары» деген деректердің сақталмауы ауызашардың бұрын тек үй-ішілік, әулеттік мәні басым ғұрып болғанын аңғартады. Яғни мәселе дастарқанның көлемінде емес, ниет пен ортада болған.
Тағы бір қызық нәрсе – ауыз ашу тағамы. Әрине, құрманың ислам өркениетіндегі орны белгілі. Қазақ та құрманы қадірлеген. Бірақ бұрын қазақ даласында ораза ұстағандар ауызды көбіне құртпен, ірімшікпен ашқан. Себебі күні бойы су ішпеген адамға тұзды, қуатты ас пайдалы болған. Құрт ағзадағы тұздың орнын толтыруға көмектескен. Сәресінде талқан жеп, майға шылап ішіп, күні бойы тоқ жүрген. Яғни қазақ оразаны өз жерінің асына, өз тіршілігіне сай ұстаған.
Қазақтың Оразаға қатысты ғұрыптары тек діни рәсім ретінде емес, отбасылық тәрбиеге, шаңырақ мәдениетіне, жергілікті тіршілікке байланып отырған. Сол үшін олардың бұрынғы қалпын білу еске қайту емес, бүгінгі ұрпаққа мағынасын дұрыс түсіндіру үшін керек.
Онталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
03 наурыз 2026 ж. 53 0