Наурыздың алғашқы хабаршысы
Бар табиғат еміреніп, жан-жануар түлеп, жапан дала жаңғыра бастағанда, олармен бірге жасарып, бірге қуанған адамзат баласы да Ұлыстың ұлы күнін ақжарқын мерекеге айналдырған.Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысты зерделі ел жыл басы Наурызды қараңғының жарыққа, ызғардың жылыға, қараның аққа, сордың баққа, кесірдің киеге, жоқтың барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған.
Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мейрам болса керек. Қуанышты күнің, жаңа жылың құтты болсын, қазақ! Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы Наурыз қош келдің!» – деп Наурыз мерекесінің маңызын айшықтайды.
Наурыз айы парсы тілінде «Хамал» айы деп айтылғандықтан, бұл мейрам «Амал мерекесі» деп аталып кеткен. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Яғни «Амал мерекесі» мен «Наурыз мерекесінің» мағынасы бірдей.
«Көрісу – Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді», – деп көрсетілген. Бұл дәстүрді кей жерлерде «Амал» деп те атаған.
Ертеректе көрісу күні ауыл-аймақты қыдырғанда, ауыл адамдары сәнді киімдерін киіп, жүйрік жорғаларын мініп қыдыратын болған. Өзара сый-сияпат көрсетіп, бір-біріне сыйлық үлестірген.
Әдебиеттанушы Асылбек Байтанұлы:
– Жалпы осы мейрам немесе мерекенің анықтамасы қандай өзі? «Мейрам – жылпарақ бойынша бір нәрсенің немесе бір адамның құрметіне орай ерекшеленген, қасиетті (әдепкі емес, мифтік) мағынаға ие әрі мәдени немесе діни дәстүрлермен байланыстырылған уақыт кезеңі», – дейді Уикипедия дерегі. Осыған сайтын болсақ, Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңелген немесе бұдан кейін қаһарлы қыстың беті қайтып, жылы шуақ басымдыққа ие болатын кезеңнің басы деген сөз, – дейді. Ал өлкетанушы, тарихшы Жайсан Ақбаев: «Қазақтың «Амал» немесе Көрісу дейтін мерекесі бар. Бұл ежелгі дәстүрлі мереке еліміздің батыс өңірлерінде тойланып келеді. Жылда батыс өңірлері Наурыз мейрамын он төртінші наурыз күні тойлатуды бастайды. Амал мерекесі – тіршіліктің жаңару, табиғат-ананың құлпыру мерекесі.
Көшпенді өмір сүрген бабаларымыз көктем мерекесін қуана қарсы алған. Өйткені кейбір жылдары қыс қатты болып, мал кәсібінде көп шығындар болған, жұт болған. Сондықтан көктем шығып, күн жылынып, мал көкке шығатын уақыт деп қуанысқан. Барша ағайын-туыс болып, көрісу, амал мерекесін тойлаған» деп айтады.
Жоғарыда айтқандай, көктемде малдың аман қалуы жанның аман қалуы деп ырымдап, халық даналығында «мал-жан аман ба?» деген қал-ақуал сұрасудан өнегесі қалған. Бұл дегеніміз қазақ халқы әуелі «мал аман ба?» деп төрт түлік малын меңзесе, екінші «жан аман ба?» деп амандық сұрасқан.
Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, мәні көпке аян. Көрісу күні – қыстың қиындығынан шыққан халықтың амандасып, шүкірлік сұрасып, жүздесуінің белгісі. Амал мерекесі береке мен бірлік әкелсін, әр күніміз қуаныш пен жылулыққа толы болсын!
Жанар ӘЛІШЕВА,
«Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры










