Комбинаттың көкжиегін кеңейткен
...Біреу болады бар болса да жоқ сияқты, енді біреу болады жоқ болса да бар сияқты... Мұны мен айтқаным жоқ, аузы дуалы бабалардан қалған пайым. Әлқиссамызды не үшін адами болмыс жайында бастағанымызды патша көңілді оқырман салғаннан бағамдап отырған да шығар. Өйткені бас тақырып айтып тұрғандай, сөзіміздің ырғағы комбинаттың көкжиегін кеңейткен Әбсат Сақтағанов жайында еді.Саналы ғұмырын Аралдың ақ алтынына баланған Қылыш тауының баурайындағы "Аралтұз" акционерлік қоғамына арнап, аталмыш өндіріс орнының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жанның жасаған еңбегі, төккен тері үлкен-кішіге мәлім. Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы шарада еңбегін ел дәріптеген Әбсат Сақтағановтың ұрпақтары өз қаржысына осындағы білім ұясына қайырлы іс жасап, «Ғасыр тұзшысы» атанған әкелерінің атынан «Research Hub» кабинетін ашты. Ұстаздар мен шәкірттерді ерекше қуанышқа кенелткен сәтте кент әкімі Пазылбек Берсүгіров игі бастамаға ұйытқы болған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Марфуға Әбсатқызына риясыз алғысын білдірді. Сондай-ақ, кенттегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын Қойбағар Аяқбаев өзімен бірге жұмыс жасаған Әбекең төңірегінде ой бөлісіп, оның әр іске жауапкершілікпен қарап, жұмысшылардың қамын күйттейтінін ортаға салып, тапсырмаға тиянақтылығымен мекеменің алға озуына атсалысқанын жеткізді.

Өнерлі өрендер күй күмбірлетіп, би биледі. Артынша арнау жырдың тиегі ағытылғаннан кейін мазмұнды шара онан әрі айшықталып, тілеулес жұрт заманауи үлгіде жасақталған жаңа оқу кабинеттің лентасын салтанатты түрде қиды. Еңселі бөлме. Бір қабырға тұтас тұзшылардың қажырлы қарекетін паш етіп төгілген тердің қайтарымы болатынын дәлелдеп тұрғандай көркемделген. Интерактивті тақта кенттегі келешек иелерінің білімге деген қызығушылығын арттырып, үкілі үміттердің үмітін маздатқандай. Ардагер ұстаз Қуаныш Сағатов, мектептегі қамқоршылық кеңес төрағасы Қонысбай Жолмырзаев жақсы іске себепші болған Әбсаттай жайсаң жанның өзі өмірден өтсе де, ісі өлмейтінін айтып өткен күннен естелік шертті. Сондай-ақ, көзкөргендер комбинаттың ыстығына күйіп, суығына тоңған абзал азаматтың адалдығы жөнінде баяндап, ұл-қыздарының бойына ылғи да жақсылық сіңіргенін алға тартты.
Ғасыр тұзшысы Әбсат Әбдуалиұлы жайында бейнематериал көрсетіліп, экраннан өмірі өнеге жанның болмыс бітімі көптің санасында қайта жаңғырды. Бұдан бөлек жаңадан ашылған оқу кабинетінде «Жас зерттеуші» деген тақырыппен ғылыми жоба ұйымдастырылып, оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларына бейімделуіне бетбұрыс жасалды.
№19 орта мектеп директоры Ләззат Есжанова берері мол бастаманың шәкірттер үшін тиімділігін алға тартып, қолдау мен қамқорлыққа ұжым атынан алғысын жеткізді. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Жәнібек Әлжанов үздік жобаларды ұсынған алғыр шәкірттердің бағыттары айқын екеніне көз жеткізіп, жас зерттеушілер болашақ ғалымдардың алғашқы қадамы екенін, бүгінгі идеялар ертеңгі жаңалыққа айналатынын тілге тиек етті.
Байқау қорытындысымен қатысушы шәкірттер өзара жүлделі орындарды бөлісті. Марапаттау рәсімінде талап үдесінен шыққан шәкірттер ақшалай шәкіртақы және сертификатқа қол жеткізді.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ










