Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асығы алшысынан түскен ауыл

Асығы алшысынан түскен ауыл

Мемлекет басшысы үстіміздегі жылды өз Жолдауында «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялағаны баршаға аян. Соған сәйкес Президент қыркүйек айының соңғы жексенбісін Еңбек күні деп жариялаған-ды. Әр салада тер төккен игі жақсылардың өлшеусіз еңбегін барынша насихаттап, жыл көлемінде кеңінен дәріптедік.
 Жіңішкеқұм округі, Тоқабай ауылы осындағы дүйім ел Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қуаныш Бермағамбетовтың құрметіне салынған, елді мекеннің ажарына айналған аллеяға жиналды. «Еңбегі ерен ер тұлға» атты тағылымды шараны күздің мың құбылған күні де қолдағандай төбеден нұрын төкті. Көпшілік алдымен жуырда ғана пайдалануға берілген №248 жаңа білім ұясында ашылған Қуаныш ақсақалдың жүріп өткен жолынан сыр шертетін шағын мұражаймен танысып, жақсы ісімен көптің жадында жатталған жанның ғибратты жолына онан әрі қанықты.
Ауыл ортасындағы еңбегі ерен тұлғаға арналған аллея маңына ақшаңқай киіз үй тігілген. Ұстаздардың кәсіби мерекесі мен қарттар күні сабақтасатын мазмұнды басқосу үлкен-кішінің көңілін марқайтқан. Жүздері бал-бұл жайнап, жүректерін қуаныш кернеген жандар бір-біріне құтты болсын айтып, жайылған ақ дастарханнан дәм тату үстінде.
Осы жерден сәл шегініс жасап Қуаныш Бермағамбетов жайында тоқтала кетейік. Ол 1930 жылы Арал ауданы, Ақирек ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс өткен жеткіншек қабырғасы қатаймай-ақ еңбекке араласып, әкесі Бермағанбетке қолғанат болды. Қаршадайынан бойға сіңген тапсырмаға тиянақтылық, жұмысқа деген жауапкершілік бала Қуанышты ерте есейткен. Төрт түлікті күтіп-баптаудың шебері атанған ғибратты ғұмыр иесі жинаған мол тәжірибесінің арқасында биік белестерді бағындырды, асқақ асуларды асты. Нәтижесінде 1986 жылы Қонаевтың ұйғарымыменен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
«Біреу тірі болса да жоқ сияқты, енді біреу жоқ болса да бар сияқты» деген сөз осындайда айтылса керек. Еңбегі ерен ерін елі ардақтады. Әке жолын жалғаған ұрпағы мадақтады. Қойшылық таяқты қастерлеп ұстаған Төрехан Бермағамбетов әке салған сара жолмен жүріп, атадан балаға мирас болған істі жемісті жалғады. Қазіргі таңда төрт түлікті өріске өргізіп, қошқар ата тұқымы, яғни қой шаруашылығының көкжиегін кеңейтті. Жерлестерінің алдында жүзі жарқын азамат атанып, жабыққанның жанынан, мұңайғанның маңынан табылды. Бәзбіреулердей тапқанын басып жеген жоқ, қырандарша шашып жеді. Алтын бесігіне баланған ауылының қандай да бір өзекті мәселелеріне белсене араласып, жарықтандыруға да, абаттандыруға да үлесін қосты. Қысқасы, әке аманатына адал Төрехан тек қана алғыс арқалады. «Батамен ел көгереді, жауынмен жер көгереді» демекші, көптің ыстық ықыласына бөленген қайыр қомы мол, пейілі кең жан осылайша өсіп-өнді. Әулетін ауылға ғана емес облыс, республикаға да танытты. Қош. Енді негізгі тақырыпқа көшейік.
Шуақты шарада округ әкімі Мұхансерік Әлішев берері мол бастамаға ұйтқы болған жомарт жүректі Төреханның әкесі де, өзі де ауылдастарының мақтанышы екенін тілге тиек етіп, ауданның экономикалық дамуына қажырлы қайратымен үлес қосқан Қуаныш ақсақалдың еселі еңбегі кейінгі буынға үлгі екеніне жан-жақты тоқталды. Еңбек күніне орай бірқатар тұрғындарды марапаттап, абыройларын асырды. Артынша ардагер ұстаз Арал ауданының құрметті азаматы Үргенішбай Қуатов сөз алып, үлгілі ісімен ерекшеленген Төреханның ауылды көркейтудегі толымды тірліктеріне оң баға берді.  Сондай-ақ оның кеше ғана Президент тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленгенін ауыл жетістігіне балады. Бұдан бөлек №248 орта мектебінің директоры Әділбек Шораев, Тоқабай дәрігерлік амбулаториясың бас дәрігері Мәдина Сермағанбетова әке рухын шат қылып, тоқабайлықтар үшін ерекше көңіл-күй сыйлаған баянды бастамаға жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Шарада әнші Самал Дінжанова әсем әуенімен патриоттық әндер шырқаса, жыршы-термеші Серікқали Жұбаниязов қасиетті домбыраға тіл бітіріп, қошеметке бөленді.
Мұнан соң өмірі өнеге Қуаныш Бермағамбетовтың баянды болашақ қалыптастырудағы еңбек жолы өлеңмен өріліп, жыр сүйер қауым рухани сусындады. Жазба ақындар мүшәйрасында үлкен де, кіші де «Социалистік еңбек ерінің» кешегісі мен бүгінін шымыр шумақтары мен ойлы ұйқастарды оқыды. Енді бір кезде қой қырқу сайысы да ұйымдастырылып, шапшаңдығымен танылғандар әп-сәтте алдындағы қойды талапқа сай қырқып жатты. Құдды бір кеңес дәуіріндегі науқанға айналған қырқымды көз алдыңа елестететін сайыс кейінгілерге сабақ ретінде қолға алынғаны айтпаса да түсінікті еді. 
Енді анау жақта әйелдер арасындағы жүгіруден жарыс та мәреге жетіп, өзара мықтылар анықталды. Осының бәрін көріп бір шаттанған Тоқабай халқы түс әлетіне дейін тарқамады. Шара соңында жыр мүшайрасы мен қой қырқу сайысының және әйелдер жарысының қорытындысы шығып, жеңімпаздар «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасы, осы шараның ұйытқысы Төрехан Бермағамбетов тарапынан ақшалай жүлдемен марапатталды.
Төбе құмдар бүк түсіп жатыр әні,
Шыққан сайын қалың ойға батырады.
Тоқабайдай ауыл бар бір заманда,
Қойы менен күллі одақты асырады, – деп бір кездерде жазған едім. Міне, соған тағы бір мәрте көзім жетті. Ұйымшыл халық пен мақсатшыл ұл үлкен істі қолға алып, еңбектің еленуін кеңінен ұлықтады. Ел болсаң осындай бол, ұл болсаң осындай бол!
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
30 қыркүйек 2025 ж. 80 0