Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбек еш кетпес...

Еселі еңбек еш кетпес...

Төрімізге озған 2025 жылдың құты қонымды, бағы берекелі болсын! Бұл жылды мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп айқындаған. Ел танымында: «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді, жермен жексен ететін» деген қағида қалыптасқан. Әрбір жетістік, әрбір нәтижелі жұмыс адалдық пен табандылықтың арқасында келетіні белгілі. Келген жыл маңдай терімен мерейі жанған ерлердің есімі мәңгілік мұздақтарына жазылар жыл болғай.
Күні кеше бір жылды тарих сүрлеуіне қалдырдық. Өткен жылға өкпе жоқ. Бұл жыл ауданымыз үшін қолайлы жыл болды. Табиғат ана мейірімін төкті, шуағын шашты. Жыл көлемінде көптеген шаруалар қолға алынды. Уақытылы бітуі тиіс бастамаларды лайықты жүзеге асырдық. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар атқарылды.
Еңбектің өтеуіндей мерейімізді тасытар марапаттарымыз да бар. Биыл аралдық азаматтардың ішінде «Тоғыс-Аралотын» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Тоғысұлы Жұмашев «Құрмет» орденімен, ақын, режиссер, Қызылорда жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Дүйсенәліұлы Нұрмаханов және «Ақбасты» балықшылар өндірістік кооперативінің төрағасы Жандос Темірғалиұлы Құлмановтар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Еңбегімен ел алдында жүрген бір топ жерлестеріміз кешегі жылжабар жиында да мерей мәртебесін тағы бір биіктетті. «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасы Төрехан Қуанышұлы Бердімағамбетов аймақ басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Қасқырбай» шаруа қожалығының төрағасы Әділ Қожабайұлы Елеусізов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды. №2 дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Дина Айнұрқызы «Үздік педагог» атанса, дәстүрлі өнердің жалауын жықпай келе жатқан Жақсан жыраудың тұяғы Айбек Тәңірберген «Жыр жампозы» атанды.Аудан абыройын асқақтатып, мемлекеттік марапат алған жерлестеріміздің қатарында түрлі саланың қажырлы еңбек озаттары бар. Жыл көлемінде салалық министрліктерден, әкімдіктерден, түрлі спорттық сайыстардан жоғары марапат алған жерлестеріміздің де әрбірі мақтауға тұрарлық және мақтанарлық мамандар екенін айтқанымыз жөн.
Бір мақсат, бір мүдде жолында табанды еңбек етіп келе жатқан жерлестеріміз жыл көлемінде әр саланың қарқынды дамуына өзіндік үлестерін қосқан азаматтар. Бұл марапат сол еңбектің лайықты бағасы деп есептеймін!
Жұмысшы мамандықтарының жылы құтты болсын, жерлестер! Бағындырар биіктеріміз көп болсын!
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
Арал ауданының әкімі
02 қаңтар 2025 ж. 167 0