Аудан әкімінің Арал халқына арнаған Жаңа жылдық құттықтауы
Қадірлі аралдықтар, құрметті жерлестер!
Баршаңызды Жаңа 2025 жылмен құттықтаймын! Жайдары жаңа жыл – баршаға жан шуағын сыйлайтын айрықша мереке. Жыл сайын үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз. Биыл да әлауқатымыз артып, еселі еңбектің жемісін көрдік. Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталды. Біз алдағы жылы да күш-қуатымызды одан әрі нығайтып, ауқымды нарықтың есігін ашып, көшімізді көрікті ете түспекпіз. Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік. Баршаға шұғыла шашатын шуақты мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңіз білетіндей, биыл ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Соңғы 3 жылда ауданға 70,0 млрд теңгеден
астам инвестиция тартылған болса, биылғы көрсеткіш 30,0 млрд теңгеден асып жығылды.
Жағымды жаңалықтармен түйінделген Ұлу жылында берекелі бастамалар сәтті жүзеге асып, аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі түзелді. Қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр әрбір аралдықтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін. Баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін.
Қадірлі ағайын!
Келер жыл – терең тарихымызға, мәйекті мәдениетімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсетіп, еңбегімен ел сенімін арқалаған қажырлы жерлестерімізді ардақтайтын жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін Жаңа Жылан жылы Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ пен береке, мол ырыс-несібе әкелсін!
Арал халқының ырзығы көбейіп, құты мен берекесі арта берсін!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі
А.ОҢҒАРБАЕВ