Аралда жыл үздіктері марапатталды
Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен аудандық мәдениет үйінде жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтіп, жыл үздіктері марапатталды.
Ел экономикасын еселеген тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Санаулы күндерден кейін 2024 жылмен қоштасып, жаңа 2025 жылмен қауышамыз. Жылдар жігіндегі жалынды кеште аудан әкімі жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, 2024 жылдың маңызды жетістіктері мен игі істерге толы ілкімді бастамаларына тоқталып өтті.
– Қадірлі қауым, құрметті жерлестер! Баршаңызды төрімізге енгелі тұрған жаңа 2025 жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл – жаңа бастамалардың, жаңа мақсаттардың бастау алатын, ертеңгі күнге үлкен үмітпен, сеніммен қадам басатын уақытымыз. Санаулы күндерден соң Ұлу жылымен қош айтысып, Жылан жылымен қауышамыз. Сіз бен бізге жақсылығымен келген тағы бір жыл тарихқа айналғалы тұр. Шүкір, бұл жыл бізге берекесімен келген, жақсылығымен енген жайдары жыл болды. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жыл толағай табысы мен ризық-несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін, – деді аудан әкімі.
Республикада барлық сала бойынша көш бастап келе жатқан Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталып, аймақта жасалып жатқан жарқын істер тілге тиек болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауының арқасында және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының айрықша еңбегімен облысымыз қарқынды даму үстінде.
Сондай-ақ, аудан басшысы ауданда жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарды, ашылған әлеуметтік нысандарды, пайдалануға берілген тұрғын үйлерді, жүзеге асырылған ауқымды жобаларды атап өтіп, алдағы уақытқа қойылған бірқатар міндеттерге тоқталды.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандары Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, жыл бойы еселі еңбек етіп, ерекше жетістіктерімен танылған жыл үздіктері салтанатты шарада құрмет төріне озып, арнайы номинацияларға ие болды.
Көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлаған салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі