Ауданда Жаңа жылдық шырша шамы жағылды
Кеше Арал қаласының орталық алаңында Жаңа жыл мерекесінің басты сәні – ауданның бас шыршасының шамын жағу салтанаты өтті.
Бірлік пен бейбітшілік, береке мен ырыс, ынтымақ пен бақ сыйлаған Ұлу жылымен қоштасып, санаулы күндерден кейін ертеңге деген үмітіміз бен сенімімізді арқалаған жаңа Жылан жылымен қауышамыз. Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең. Осы бір мерейлі сәттегі ортақ қуанышқа қала қонақтары мен тұрғындары, балақайлар мен өнерпаздар жиналды.
Жаңа жылдық шыршаның жарығын жағу мерекесіне орай өткен салтанатты рәсімде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, жұртшылықты келе жатқан жаңа 2025 жылмен құттықтады.
– Ардақты ағайын, құрметтi жерлестер! Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2025 жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл – жаңа бастамалардың, жаңа мақсаттардың бастау алатын, бәріміздің де ертеңгі күнге үлкен үміт пен сеніммен қадам басатын уақыты. Биыл еліміз үшін, оның ішінде Арал халқы үшін де мол жетістіктер мен торқалы тойларға толы сәтті жыл болды. Өрісіміз малға, қамбамыз дәнге толды. Экономиканың тамырына қан жүгіртіп тұрған әр сала бойынша қарқынды даму, оң динамика қалыптасып келеді. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жыл толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін! Ауданымыздың бас шыршасының шамы жағылуымен құттықтай отырып, Сiздерге зор денсаулық, бақыт, жаңа жетiстiктер тiлеймiн, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Бүгін өткен мерекелік шаралардың түйіні ретіндегі көңілді кеш көпшіліктің көңіл-күйін көкке көтеріп, жаңа жылдық жарқын әсерге бөледі. Көпшілік куә болған шарада ауданның бас шыршасының шамдары жағылып, салтанатты сәттің соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі