Аудан әкімінің Жаңа жылға арнаған құттықтауы
Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміз үшін парасат пен пайымға толы тағы бір жыл ХХІ ғасыр қойнауына енгелі тұр.Бірлік пен бейбітшілік, ырыс пен бақ-береке сыйлаған Барыс жылымен қоштасып, санаулы күндерден кейін жаңа Қоян жылымен қауышамыз.Жаңа жыл – жаңа бастамалар, жаңа мақсаттарбастау алатын, ертеңгі күнге үлкен үмітпен, сеніммен қадам басатын уақыт.
Биыл Арал халқы үшін мол жетістіктер мен торқалы тойларға толы сәтті жыл болды. Өрісіміз малға, қамбамыз дәнге толды. Осы жылы теңізді өлкенің бас шаһары – Арал қаласының 95 жылдығын өздеріңізбен бірге атап өттік. Балалар жылы жарияланып, балғындарымыздың жан-жақты өсіп-жетілуі үшін түрлі спорттық ойын алаңдары салынды.Өңіріміздің әрбір жеткен жетістіктері мен тындырымды істерінде әрқайсыңыздың жеке үлестеріңіз бар. Сондықтан баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін.
Барыс жылы барлығымыз үшін айрықша маңызды, жағымды жаңалықтар мен жақсылыққа толы болды. Өткен жылға өкпе жоқ. Ал алдағы жылға артылар үміт пен сенімді бастамаларымыз бар.
Қадірлі ағайын!
Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең.
Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Қоян жылы толағай табысы мен ырзық-несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін. Бірлігіміз бекем, ісіміз мығым болсын! Жаңа жыл барлығымызғабереке-бірлік әкелсін! Мерейлі мерекемен құттықтай отырып, Сiздерге зор денсаулық,отбасыларыңызға амандық, жаңа жетiстiктер тiлеймiн!
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ