Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейді өсірген мерекелік шара

Мерейді өсірген мерекелік шара

Биылғы жыл табысты түйінделді. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған Барыс жылының жетістіктері баяндалған аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада біз осыны анық байқадық. Жас өнерпаздардың өнерін тамашалаумен басталған шарада, бүлдіршіндер әр сала қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегін сахнада жырмен жеткізді.
Меркелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып:
– Ардақты ағайын! Құрметтi жерлестер! Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен бейбітшілік, ырыс-береке мен бақ сыйлаған Барыс жылымен қоштасып, санаулы сәттерден кейін ертеңге деген үмітіміз бен сенімімізді арқалаған жаңа жылымен қауышамыз. Мінеки, бір жыл қас пен көздің арасында өте шықты. Әне-міне дегенше 2023 жыл да келді. Дегенмен әр жылдың өз естеліктері бар. Өткен жылға өкпе жоқ. Әрбір қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр әрбір азаматтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін. Барыс жылы – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Теңізді өлке үшін де берекелі, ырысы мол, саяси оқиғаларға толы жыл болды, – деп, жыл көлемінде ауданда түрлі салада атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ "2022 жыл аудан халқы үшін ақ түйенің қарыны жарылған жыл болды. Себебі бұл жылы ауданымыздың бас шаһары Арал қаласының 95 жылдығы, Арал өңірі балықшыларының VI слеті және Повольже халқына 14 вагон балық жөнелткен қайырымды істің 100 жыл толуына орай мәдени іс-шаралар өткіздік. Балықшылар қауымының басын қосқан үлкен мерекеде облыс әкімінің қолдауымен бой көтерген «Балықшылар аллеясы» ішінде «Балықшылар монументі» ашылды. Слет аясында балық шаруашылығының дамуына, ата кәсіптің өркендеуіне үлес қосқан үздіктерді өздеріңіздің қатысуларыңызбен марапаттадық. Айтулы мерекеде үш мәрте республикалық ат бәйгесі және республикалық ақындар айтысы мен жыршылар байқауы ұйымдастырылды" деп маңызды жылда Аралдың мерейін үстем еткен бірқатар жетістіктерге тоқталып, өз сөзін «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас» деген бабалардан жеткен дана сөз бар. Берекелі бірлігіміз – толымды істеріміздің ұйытқысы болсын! Қоян жылы толағай табысы мен ризық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін. Мереке құтты болсын!» деген игі тілегімен аяқтады.
Одан әрі әр сала бойынша биыл ерекше көзге түскен мамандарға "Жыл үздіктері" марапаты берілсе, бірқатар белсенді қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен аудан әкімінің ұттықтауы табысталды. Сонымен қатар «Парыз» конкурсына қатысқан аудан азаматтарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрі Тамара Дүйсенованың алғыс хаты берілді.
Шара одан әрі жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
"Толқын" ақпарат
31 желтоқсан 2022 ж. 452 0