Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент шыршасы: Шаттанды бала, қуанды ана

Президент шыршасы: Шаттанды бала, қуанды ана

Әр бала Жаңа жылды ерекше ықыласпен күтетіні анық. Себебі бүгінге дейін бала қиялындағы ертегілер әлемі, шанаға мінген Аяз ата мен Ақшақар жылдар тоғысындағы мерекелік шараның шынайы көрінісіне айналады. 
Балаға ерекше көңіл-күй сыйлайтын сол бір салтанатты шара жыл сайын жалғасып  келеді. Биыл да сиыр жылымен қош айтысып, барыс жылымен қауышар тұста еліміз бойынша балаларға арналған Президент шыршасы өтті. Оған аудан бойынша қаладағы №71 орта мектептің 7 сынып оқушысы, оқу озаты Аяжан Алдашева қатысты. 
Телевизиялық форматта өткен мерекелік шарада облыс әкімі Г.Әбдіқалықова көңілдерін қуаныш кернеген балаларды Жаңа жылмен құттықтады.
 Президент шыршасына қатысқан аралдық Аяжанды құттықтай барған Арал аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов пен №71 орта мектеп директоры С.Абдуллаева Президенттің, облыс және аудан әкімінің Жаңа жыл мерекесіне арналған құттықтау хатын оқып, сыйлықтарын табыс етті. Мемлекет басшысынан келген Құттықтау хатты ерекше сезіммен қабылдаған балақай мен анасының қуанышында шек жоқ.
– Бүгін отбасымыз үшін қуанышты күн. Өйткені баламыз Аяжан Мемлекет басшысынан мерекелік құттықтау хат пен түрлі сыйлықтар алды. Мұндай тосын сыйды күтпеген едік. Осындай мерекелік көңіл-күй сыйлап, отбасымызды елеген атқарушы билікке айтар алғысымыз шексіз, – дейді көп балалы ана Гүлсім Алдашева.
Айта кетейік, «Жас дос! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бұл мейрам өзіңе естен кетпес ерекше қуаныш әкелсін! Сенің болашағың жарқын, өйткені Тәуелсіз Қазақстанның перзентісің. Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Сабағыңды жақсы оқып, әрдайым көздеген мақсатыңа жет! Достарың көп болсын! Аңсаған армандарың орындала берсін!» делінген құттықтау хатта. 
Иә, жаңа жылда әр бала шаттануға тиіс. Болашағынан үлкен үміт күттіретін әрбір баланы қиял әлеміне жетелейтін бұл мерекеде армандар орындалатынына олар әбден сенеді. Осы бір сәтте телевизиялық форматта өткен мерекелік шараның аралдық балақай үшін маңызы ерекше деуге болады. Расында, олардың әр жылы жемісті, әр күні шаттыққа толы болуы керек. Тәуелсіз еліміз барда солай болады да.


«Толқын» ақпарат.
24 желтоқсан 2021 ж. 864 0