Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Жаңа жылға арналған мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Жаңа жылға арналған мерекелік құттықтауы

Құрметті жерлестер!
Сіздерді әр адамның жүрегіне үміт пен асқақ арман ұялататын, биік мақсаттарға жетелейтін Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен қадам басқанды қалайды.
Еліміз үшін парасат пен пайымға толы тағы бір жыл ХХІ ғасыр қойнауына еніп барады. Жылдан жылдың жаманы жоқ, дегенмен, биылғы жылдың елімізге, соның ішінде біздің өңірімізге оңайға соқпағанын жақсы білесіздер. Арал өңірінде табиғаттың тосын мінезінен, қуаңшылық жағдайы орын алды. Осындай қысылтаяң кезеңде ауданымызда қалыптасқан қуаңшылық жағдайын еңсеру бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Орын алған жағдайға байланысты барлық өңірлеріміз жұмыла атсалысып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.  2021 жылы  ауданымызда берекелі тірліктер мен іргелі істер атқарылды. Келер жылы да өңірімізде тұрғындар игілігіне бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, жаңа бастамалардың жүзеге асатындығына сеніміміз мол.
Өңіріміздің әрбір жеткен жетістіктері мен тындырымды істерінде  әрқайсыңыздың жеке үлестеріңіз бар. Сондықтан баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін.
Ендеше, келе жатқан жаңа жыл әрбір шаңыраққа бақ пен береке, ырыс-несібесін ала келсін! Барыс жылы – өрлеуге жол ашатын, қиындықтарды еңсеретін, жаңашылдыққа ұмтылдыратын жайлы да мерейлі жыл болсын! Жылдан жылға жақсы жаңалықтармен жете берейік!
Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, кәсіптеріңізге береке тілеймін!
         Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
         Жаңа 2022 жыл баршамызға құтты болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов
01 қаңтар 2022 ж. 468 0