Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚҰТТЫҚТАУЫ

АРАЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті жерлестер! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Санаулы күннен кейін Тәуелсіз елімізге жарқын істер сыйлап, жаңа биіктерден көрсеткен доңыз жылы тарих қойнауына енеді. Тынымсыз тіршілік пен үкілі үмітке толы тышқан жылы басталады. Өткен жыл еліміз үшін санамызға сілкініс, өмірімізге өзгеріс әкелген, ерен еңбегімізді жемісті етіп, еселі табыстарға жетелеген елеулі жыл болды. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз.
Осы ретте, аралдықтар үшін де жылыстап бара жатқан жыл нәтижелі болды. Аудан экономикасы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артты.
Сондай-ақ, биылғы жылдың басты қуанышы Жақсықылыш кентіне газ құбыры тартылды. Бұдан бөлек шижағалықтарға жаңа мәдениет үйі есік ашты. Әдебиеттің абызына айналған көзі тірі классик Ә. Нұрпейісов 95 жасқа толып, Қазақстанның «Еңбек ері» атағы табысталды. Сонымен қатар, 2019 жылы Аралдың атын әлемге әйгілі еткен чемпиондар мерейімізді өсірді. Әліби Болатұлы мен Фараби Сауытбаев әмбебап жекпе-жек спортынан жеңімпаз атанса, Нұрым Сәлімгерей қазақ күресінен әлем чемпионы атанды.
Қосаман, Шөмішкөл елді мекендерінде медициналық бекет, аудан көлемінде бірнеше кәсіпкерлік нысандар мен сауда үйлері ашылды.
Арал қаласынан қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон құрылысы, 250 орындық Оқушылар үйінің құрылысы, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылыстары бастау алса, Сексеуіл кентіндегі № 231 орта мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусының құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Бұған қоса, Сексеуіл кентінің, Жалғызағым елді мекенінің тұрғын үйлерін орталық су жүйесіне қосу жұмыстары және Сексеуіл кенті мен Сазды елді мекендеріндегі биотермиялық шұңқырлардың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, Қарашалаң елді мекеніне ауыз су құбыры тартылуда.
Жол жөндеу саласында аудандық маңызы бар бірқатар елді мекендер мен қала ішілік авто жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандық бюджеттен 6 нысанның бу қазандықтары газ отынына ауыстырылса, 4 нысанды көгілдір отынға қосу жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізілді.
Төрімізге енгелі отырған 2020 жылы да ел болып еңсерер, жұрт болып жұмылып атқарар істеріміз ауқымды.
Қадірменді ағайын!
Жаңа жыл - тың бастамалар мен жоспарлардың кезеңі. Әр адамның арман-тілектерін, сенімін еселеп, болашағына үлкен үміт артатын шақ. Барша халық асыға күтетін осы мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен ынтымақ ұялап, бақ-береке дарысын деп тілеймін. Айдан аман, жылдан есен болып, еліміздің өрісі кеңейіп, табысы таси берсін! Жаңа жыл құтты болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.


31 желтоқсан 2019 ж. 2 045 0