Мектеп түлегінің қолдауы шәкірттерді марқайтты

Қылыш тауының баурайындағы Аралдың ақ алтынын шығарған кентте биыл 34 оқушы бітіріп шықты. Атап айтсақ, салтанатты жиынды педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылым департаментінің директоры Марфуға Әбсатқызы шара шырайын онан әрі айшықтап берді. Сөз алған мектеп директоры Ләззат Жұбаханқызы әр шаңырақтың үкілі үмітіне баянды болашақ, еңселі ертең, көрікті келешек тіледі. Сондай-ақ, ол бүгінгі түлек – ертеңгі ел тірегі екенін атап өтіп, жүрекжарды лебізін тебірене жеткізді.
Салтанатты жиында педагогика ғылымдарының докторы, профессор шәкіртақы құрылтайшысы Марфуға Әбсатқызы да сөз алып, бітіруші түлектерге даңғыл жол, мектеп ұжымына абырой тіледі.
Осыдан кейін ол оқу жылында алғырлығымен дараланып, озат оқушы атанған алты бірдей шәкіртке «Ғасыр тұзшысы» Абсат Сақтағанов атынан 50000 теңге көлеміндегі шәкіртақыны табыс етті. Білім ұясындағы ұмытылмас сәтте соңғы қоңырау үні сыңғырлап, ұстаздар мен оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Ал естелік бейнежазбалар мен мектеп қабырғасындағы фотосуреттер өздеріне әріп танытып, көкжиектерін кеңіткен кезеңдерді тағы бір сәт естеріне түсірді.
Жақсықылышта болған соңғы қоңырау шарасына ата-аналар мен Қызылорда қаласындағы «Қазақ Республикалық лепрозорий» ҚР ММ жетекшісі Молдағали Сейталиев және Арал аудандық «Толқын» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан журналистер мүшесі Абай Елеш қатысты.
Абай ЖАЙШЫЛЫҚ