Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың базары, өнердің ажары

Аралдың базары, өнердің ажары

Адалдықтың ақ туын кірлетпеген екі адам болса бірі, бір адам болса өзі – осы жан. Көңілі де баладай, қолы да даладай. Қашан көрсең де жарқырап жүреді. Сәрсенбінің сәтінде Аралдың Базары, өнердің ажары болған Базар Қостаеваның 80 жасқа толу құрметіне аудандық мәдениет үйінде кеш өтті.
      Жұбы жазылмастан айдында жүзген қос аққудай қол ұстасып тірлік кешкен өнердің қос өкілі туралы дүйім жұрт жақсы біледі. Кеш басталар сәтте саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, күйшілігімен, ақындығымен, сазгерлігімен танылған Мұраттай жайсаң жанның өмірлік жары үлкен қошеметпен зал толы киелі сахнаның төріне көтерілді. Шәкәрымша айтсақ, «бұл той басқа тойдан өзгерек» өрілді. Айтыстың дүлдүлі, ақын Қайрат Құлекешов мерейтой иесінің өмір жолы төңірегінде әбден сыр суыртпақтады. "Өткен күнде белгі бар" демекші, республикаға танымал Мұраттай көкемізбен қол ұстасып бірге жүрген естен кетпес сәттер үлкен экранда патша көңілді көрермендер назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Сыдықовтар» халықтық отбасылық ансамбльдің жеткен жетістіктері үлкен-кішіге паш етілді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Боқаев мерейтой иесінің 80 жасқа толуымен құттықтап, өңір мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесіне жан-жақты тоқталып, аудан әкімі атынан Алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.
      Мұнан соң ардақты ана, асыл жар, қазыналы қария болған өмірі өнегеге толы Қостайқызының өлшеусіз еңбегі жайында естеліктер шертілді. З.Шүкіров атындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмабай Жақып, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Әділбек Әйімбетов, Әділхан Танымбетов және Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов, білім саласының ардагері Әнес Әуезов, мәдениет саласының ардагері Бақыт Бақыран кезектесе ақ тілектің тиегін ақтарып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
      Рухани кеш аясында Базар әжеміздің өткен жылы ғана келместің кемесіне мінген Мұрат Сыдықовтың мол мұралары кезекті мәрте жұртшылық санасында жаңғырды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы өлмейтіндей артында сөз қалдырған» демекші, аудан руханиятының өркен жаюына өшпес із салған жанның жары жан тебірентер ән мен күйді тыңдаған кеш иесі өткен күнді ой елегінде екшеп, айрықша толғанысты бастан кешірді. «Өнерге арналған ғұмыр» атты шара соңында ансамбль өнер көрсетіп, мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен шашу шашты.
А Жайшылық
21 ақпан 2026 ж. 65 0