Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерге арналған ғұмыр

Өнерге арналған ғұмыр

Сыр өңірі – ежелден руханият пен өнердің алтын бесігі. Сол қасиетті топырақтың бірі – Арал. «Тұз басса да өңірін, көз-қырын салған Тәңірім» деп жырға қосқан Мұрат Сыдықұлы асқақтатқан Арал өңірі – өнері өшпеген, дәстүрі үзілмеген құтты мекен.

Осы киелі мекенде қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, Аралдағы өнердің анасына айналған, әнші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Сыдықовтар» халықтық отбасылық ансамблінің мүшесі, мәдениет саласының ардагері Базар Қостаеваның 80 жасқа толуына орай «Өнерге арналған ғұмыр» атты тағылымды кездесу кеші өтті.

Кеш тізгінін Аралдың перзенті, сөз өнерінің иесі, ақын Қайрат Құлекешов ұстады. Ол кеш иесінің шығармашылық жолын, өнердегі өнегелі ізін айшықты тілмен өрнектеп, жиынның мазмұнын тереңдете түсті.
Тағылымды шараға, аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев қатысып, мерейтой иесін 80 жасқа толуымен құттықтап, өңір мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесін айрықша атап өтіп, құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпат табыстады.

Кездесу барысында Базар Қостайқызы балалық шағынан сыр шертіп, өнер жолындағы тағылымды естеліктерімен бөлісті. Ғұмырын өнерге арнаған аяулы ана, асыл жар, ардақты әже ретінде қалыптасқан тұлғаның өмір жолы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеудесі қазынаға, көмейі сырға толы өнер иесінің әңгімелері көпшілік көңілін толқытты.
Рухани кеш аясында «Сыдықовтар» халықтық отбасылық ансамблі мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Мұрат Сыдықов әндері мен күйлерін орындап, кештің мазмұнын байыта түсті. Әрбір шығарма көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Өнерге арналған ғұмыр» атты тағылымды кеш – бір әулеттің ғана емес, тұтас өңір өнерінің мерейін үстем еткен рухани басқосу болды.
"Толқын" ақпарат

19 ақпан 2026 ж. 47 0