Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘН ҚАНАТЫНДАҒЫ ҒҰМЫР: «ҰЛАҒАТ» АРДАГЕРЛЕР АСПАПТЫ АНСАМБЛІ ҰСЫНҒАН ӘСЕРЛІ КЕШ

ӘН ҚАНАТЫНДАҒЫ ҒҰМЫР: «ҰЛАҒАТ» АРДАГЕРЛЕР АСПАПТЫ АНСАМБЛІ ҰСЫНҒАН ӘСЕРЛІ КЕШ

Арал өңірі ежелден өнерге бай өлке. Сонау заманнан келе жатқан халқымыздың әсем әуендері бүгінде өнер әлемінің баға жетпес қазынасына айналған. Осы бір ата-бабамыздан қалған тарихы тереңде жатқан құндылықты дәріптеп, ескі әндерді көпшілік алдында паш етіп жүрген өнерпаздар, өнер ұжымдары жетерлік. Солардың қатарында жергілікті сазгерлердің туындылары мен ескі халық ән-жыр, күйлерін насихаттауды басты мақсат қылған, жастарға ақыл-кеңестерін беріп жүрген ауданымыздың ардагер аға-апаларынан құрылған аймағымызға белгілі «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі бар.
Бүгін қалалық мәдениет үйінде Қызылорда облысының 85 жылдығы, Арал ауданының 95 жылдығы мен 1 қазан – Қарттар мерекесінің аясында ансамблдің «Ұлағатым - ұрпаққа» атты 10 жылдық шығармашылық кеші өтті.
Мерекелік кеш алдымен ансамбль құрамында өнер көрсететін 19 өнерпаз таныстырылды. Бүгінде олардың қатарының дені сексеннің сеңгіріне секірген. Өнерпаздардың әрқайсысы бүгінге дейін түрлі салада қызмет еткенімен, халық өнерін жандарына серік еткен.

Шығармашылық шараға аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып: «Әрбір елдің рухани күші – оның өнерімен өлшенеді. Елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі ауданымызда өткізіліп жүрген мәдени-көпшілік шараларда шығармашылығын жұртшылыққа насихаттап, жас буын өкілдерімен кездесу кештерін ұйымдастырып, өз өнерлерінен сыр шертіп, халықтық өнердің алтын қазынасын ақтарып, мирас етіп келеді. Киелі сахна өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қасиетті өнер жолында айбынды Аралдың мерейін асырып, биік тұғырдан көріне бергейсіздер!»- деп ізгі лебізін жеткізді.
Сонымен бірге өңірдегі мәдениет саласының дамуына өнер ұжымының қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, аудан әкімінің арнайы «Алғыс» хатын табыстады.

Салтанатты кеш барысында «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі шоқтығы биік, халық әуеніне жазылған «Ахау керім», «Қызыл құмда ауылым», «Дедім-ай ау», «Екі жирен», «Үкілі қыз» әндерімен, халық күйі «Келіншек», Ш. Қалдаяқовтың «Еркежан» әні, Қазанғаптың «Көкіл», «Қыз он бесте», Құрманғазының «Қызыл қайың», Мырзаның «Өттің дүние» күйлерін тамылжыта орындады. Сонымен қатар ансамбльдің бишісі 77 жастағы Ботагөз Қожекенова «Келіншек», «Шашу» биін көрерменге тарту етіп, кештің көркін келтірді.

Айта кетейік, сұлу саздың саңлақтары 2014 жылы облыстық фестивальде «Аспаптар ансамблі» номинациясы бойынша «Үздік» атанып, өздерінің нағыз кәсіби даралықтарын танытқан. Республикалық өнер фестиваліне «ЭКСПО» жолдама алып, 2020 жылы Домбыра ұлттық телеарнасы «Ұлы дала әуендері» жобасы аясында ансамбль мүшелерінің өнерінен арнайы теле түсірілім жиналды. Ұжым бүгінде еліміздің түрлі шаһарларын аралап, қазақтың халық әндерімен қатар орыс, қырғыз, үнді әндерін әуелетіп, жергілікті тұрғындардың қошеметіне бөленіп жүр.
29 қыркүйек 2023 ж. 398 0