Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерпаз ардагерлер

Өнерпаз ардагерлер

«Ән – көңілдің ажары» демей ме? Көңілі ажарлы адам қартаймайды. Өнерде өміршеңдік бар. Өнерге құштарлық – өмірге құштарлық. Ән мен күй базары ешқашан қызығы тарқамайтын қуаныш пен шаттық базары. Ән мен күйге бөленген әрбір сәт өмір – тіршіліктің ең бір сәтті шағы.
Аралда ардагер ансамблі бар. Оның мүшелерінің орта жасы жетпістің үстінде. Ұзақ жылдар озған жерімізде әр түрлі салаларында қызмет етіп, бүгін де абыз қарт, ақ әже болып, айналасына «айналайындарын» шуақты қабақтарымен жаудырып отырған асыл жандар. Ансамбль атының да «Ұлағат» деп аталуы тегіннен-тегін болмаса керек. Кейінгіге тек ән-күй қазынасын ғана жеткізіп қоймай, ұрпағына айтар көл-көсір ұлағаты, өнегесі, үлгісі бар деп білеміз.
«Ұлағат» ансамблі 2013 жылы Арал аудандық мәдениет орталығы «Жыраулар үйі» жанынан құрылған. Музыкалық ұжымды құруға мұрындық болған жергілікті сазгер Дастан Көзмағанбетов пен орталық басшысы Маруся Нұрмағанбетова болатын. Халқымыздың музыкалық мәдени мұрасын, жергілікті сазгерлердің туындыларын насихаттауды басты мақсат қылған. Содан бері аудан, аймақ жұртшылығының көңілінен шығып келеді. Өнерпаз ардагер өнер өнеріндегі өз қолтаңбаларын айшықтап, репертуарларын жылдан-жылға байытып отыр.
«Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі ауданымызда өткізілген түрлі мәдени көпшілік іс-шараларда өнерлерін көрсетті, жас ұрпақтармен кездесу кештерінде өз өнерлерінен сыр шертіп, халықтық өнердің алтын қазынасын ақтарып, мирас етіп келеді. Сұлу саздың саңлақтары 2014 жылы облыстың «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты фестивальде «Аспаптар ансамблі» аталымы бойынша ең үздік деп танылып, өздерінің нағыз кәсіби даралықтарын танытқан.
«Ұлағат» ансамблі концерт беруде өз аудан, облыс көлемінде шектелмей, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында да өткізілген. Концерт шымылдығын Динаның «Той бастар» күйімен ашып, қазақтың халық әндерімен қатар орыс, қырғыз, үнді әндерін әуелетіп, жергілікті тұрғындардың қошеметіне бөленді.
2020 жылы «Домбыра» ұлттық телеарнасы «Ұлы дала әуендері» жобасы аясында ансамбль мүшелерінің өнерінен арнайы телетүсірілім жиналды. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының жеті қыры» бағыты бойынша Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жыр мұра» жобасы аясында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедициясы «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблінің орындаушылық деңгейін жоғары бағалады. Экспедиция жетекшілері белгілі жыршы-жыраулар Майра Сәрсенбаева, Берік Саймағамбетов зерттеу нысанына алды.
Қазір ансамбльдің құрамында 16 өнерпаз ардагер бар. Ұжымның бүгінгі көркемдік жетекшісі мәдениет майталманы, күйші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Байнияз Тілепов, музыкалық жетекшісі білім саласының саңлағы, әнші, сазгер Бекболат Сәдуақасов. Саз әлемінің жілігін шағып, майын ішкен қос тарлан өнерпаз ұжымның жаңа келбетін қалыптастырып, репертуарын байыту, түрлендіру жолында шығармашылық ізденістер жасауда. Ансамбльдің әуенді әрін келтіріп жүрген қобызшы Тәжібай Үмбетәлиев, әншілер Шудабай Ильясов, Зейнеш Біртаева, Төлепбай Сисенбаев, Ханымкүл Үрленова, Бақтыбике Жанназарова, Алданыш Әбжалиев, Болатбек Тәжімбет, термешілер Мықтыбай Қызылбаев, Марал Өтегенова, Шашты Нұрпейісова, примашы Қуаныш Әбжәлиев бірнеше аспапта ойнайды. Имандылық әлемінің дарасы Дайрабай Үркімбаевтың күміс көмейінен төгілген үнді әндері тыңдаушыларды тамсантып келеді. Ал жасы сексенді алқымдаған әже Ботакөз Қожекенова мың бұралып билегенде, қол соқпаған жан қалмайды. Айта кетерлігі, ұжым мүшелерінің бірқатары сазгер ретінде де танымал. Олардың әрқайсысы он саусақтарынан өнер тамған әмбебаптар десек болады: өлең де жазады, ұлттық аспаптар жасайды, асабалық та етеді, айтысқа да қатысады.
Ұлағатты өмірлерін ән-жырмен, саз-күймен өріп келе жатқан туған жердің тұғырлы ардагерлері өнер тоғыстырған «Ұлағат» аспапты ансамблінің шығармашылық белестері жалғаса бермек.

Ерғали АБДУЛЛА
07 желтоқсан 2021 ж. 2 195 0