Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыр көшін бастаған орталық

Жыр көшін бастаған орталық

Өнер – халық қазынасы, рухани азығы. Өнері арқылы ұлттың өзіндік ерекшелігін, ұлы мұраттарын танимыз. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан өнерді, өлең-жырды өңірімізде жұртшылыққа насихаттап, берекелі істер атқарып отырған ұжым – аудандық мәдениет орталығы. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында аталмыш мекеменің басшысы, мәдениет майталманы Маруся Нұрмағанбетовамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аудан жұртшылығының құрметіне бөленіп, лайықты бағасын алып жүрген мәдениет орталығы туралы айта кетсеңіз. Өнердің өрісін кеңейтуде сіздердің мүмкіншіліктеріңіз қандай?
– Бұл өнер ұясы 2012 жылы Жыраулар үйі боп ашылған. "Сыр елі – жыр елі" емес пе, өңіріміздегі жыр-терме саласының дамуына, оның ішінде белгілі шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы мектебінің өрісін кеңейтуге байланысты ашылған. "Өнер мен дәулет қонған жер" таланттарының ашылуына содан бері мұрындық болып келеді. Жыр әлемін насихаттауда облыс көлемінде алдыңғы лекке шықты. Белгілі жырау-жыршылар Айбек Тәңірбергенов, Ғанибек Өмірзақов, Гүлжанат Бейісова, Асқар Жоламанов, Айнұр Сүйеуова сияқты дүлдүлдер мәдениет шаңырағының түндігін желпінтіп келеді.
2014 жылы уақыт сұранысына орай атауы мәдениет орталығы боп өзгерді де, өнер мен мәдениеттің өңіріміздегі дамуында атқаратын жұмысының ауқымы кеңейді. Нұртуған шайыр, Жаңаберген жырау, Бітімбай жырау, Жақсат жырау, Дәріқұл жырау, Әбілхан Маханов үйірмелеріне қоса "Қобызбен жыр айту", "Домбыра үйренейік" үйірмелері жұмыс істей бастады. Осы үйірмелерге бүгінде 138 оқушы қатысады. Оқушыларымыз жергілікті, Сыр елінің 20-дан аса мақам-саздарын, 100-ден аса терме-толғауларын үйреніп, түрлі Халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр.
– "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан шаралар ел көңілінен шығып жүргенін білеміз.
– Иә, көнеден келе жатқан өнеріміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта түлеп, жаңа деңгейге көтерілуде. Халықтың өнер арналары ел-жұртқа жақындай түсті. Қазір мәдениет орталығының үйірмелері Аманөткел, Шижаға, Қарақұм  ауылдарында да жұмыс істеуде. Білікті өнер иелерінен ауылдың дарынды балалары тәлім алуда. Сондай-ақ "Қорқыт. Қобыз" жобасының аясында ұлттық аспапты жандандыруда "Қобыз" үйірмесінің жетекшісі Айымкүл Кимбаева ілкімді істер атқаруда. Жыршылық өнерді жастарға насихаттау бағытында қаламыздағы №83 мектепте үлкен шара өткізілді. Оқушылар осынау өнер, оның ерекшеліктері туралы молынан мағлұматтар алды.
Жыршы-термешілер Г.Бейісованың "Жыраулық өнер – бабадан қалған асыл мұра", З.Ізекешованың "Жақұт жыр – мәңгілік тұмарым", А.Жоламановтың "Жыраулық өнер – ұрпақ сабақтастығы", А.Сүйеуованың "Терме – нақыл, өсиет" ашық сабақтары онлайн түрде өтіп, әлеуметтік желілер арқылы көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл сабақтарда жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипаттары ашылып көрсетілді, өнерді келесі ұрпаққа жеткізу парыз екені түсіндірілді. Жас өнер талапкерлерінің бірнеше мәрте есепті концерттері ұйымдастырылды.
– Шығармашылық саласының басқа да бағыттарында тың бастамалар қалай жүзеге асуда?
– Қазір мәдениет орталығы жанында "Ұлағат" ардагерлер ансамблі жұмыс істеп келеді. Белгілі өнер тарландарының басын қосқан бұл ансамбль облыс, аудан көлемінде бірнеше рет концерттер берді. Жергілікті сазгерлердің шығармаларын орындауды негізгі мақсат етіп қойған. Өз өнер саңлақтарымыз М.Сыдықов, Ж.Жақып, Б.Тілепов, Д.Көзмағанбетов, Д.Омаров, Т.Үмбетәлиевтің туындылары тыңдарманын табуда. Ардагерлер ансамблінің мүшелері Д.Үркімбаев, З.Біртаева, Б.Қожанова өнердің түрлі салаларынан жетістіктерге жетуде. Ансамбль болашақ "Халықтық" атағын алуға үміткер боп келеді.
Орталық жанында З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігі жұмыс істеп келеді. Оның төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисі. күйші-сазгер Жұмабай Жақып. Бірлестіктің бес секциясы аудандағы барша шығармашылық иелерін біріктіріп отыр. Олар – Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мұрат Сыдықов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешов, Қолөнершілер одағының мүшесі Құдайберген Құлмамбетов, ақын-жазушылар Ерғали Абдулла, Абай Елеш, күйшілер Ақмарал Төлекенова, Қуаныш Нұрмаханов, жырау Айбек Тәңірбергенов, жергілікті сазгерлер Бекболат Садуақасов, Октябрь Ізбанов. Бірлестікке өңірімздің кейінгі толқын жас таланттары молынан қамтылған. Олардың шығармашалық биіктерге беттеуіне жол ашылуда.
– Алға қойған мақсаттарыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Өнерге жол ашылмаса, ол бара-бара тоқырайды. Сондықтан да біздер алдыңғы ұрпақ – Арал – Сырдың даңғайыр жыр жүйріктерінің мол мұрасын мұртын бұзбай жаңа толқынға жеткізу жолында еңбек етіп келеміз. Қазір біздің мәдениет орталығының жұмысы облысымызда мақтаулылардың санатында. Өзге өңірлерден бізге қызығушылық танытып, тәжірибемізді, жетістіктерімізді көріп кетуге келушілер де баршылық. Өткен жылдары Түркістан облысы, Шымкент қалаларынан халықтық салт-дәстүрді, өнерді жүйелей зерттеп жүрген ғылыми-әдістемелік топ келіп, жырау-термеші, сазгер, әншілеріміздің репертуарларын бейнбаянға түсіріп кетті. Ал жақында Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина әдейі іссапармен келіп, біздің жас шәкірттеріміздің өнер сайысын тамашалады. "Шағала қанат шәкірттер" атты балауса жыршы-термешілердің байқауының куәсі болды. Өздеріндегі "Ер Едіге" жыр мектебі мен біздің мәдениет орталығының шығармашылық байланысын нығайтуға келісімге келдік.
Әрине мақсаттарымыз жетерлік. Соның бастысы – ауданымыздың елді мекендеріне жыршы-термешілер үйірмелерінің санын көбейту. Сондай-ақ кейде есімдері, өнерлері көмескі тарта бастаған саңлақтарымыздың асыл бейнелерін қайта бір жарқыратып, ел-жұртпен табыстыру. Мәдениет орталығының материалдық жағдайын бірте-бірте жақсарту. Арал өнерінің жетістіктерімен елімізді тамсандыра беру – біздің міндетіміз деп білемін.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерғали АБДУЛЛА 
21 мамыр 2021 ж. 918 0