Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерімен танылған ардагерлер

Өнерімен танылған ардагерлер

Сәнді сахна, әсем ырғақты әуен, көз тартар жарықтар. Кешке жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде ерекше сән-салтанаты жарасқан «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі Арал қаласының 95 жылдық мерекесі мен 1 қазан – қарттар күніне орай мерекелік концертін берді.
Көңіл сергітер керемет кешке қала әкімі Ербол Талекенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Танымбетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов арнайы қатысып, өнерпаз ардагерлерге Құттықтау хатын табыстады.
Ардагерлерден құралған ансамбльдің құрылу тарихына тоқталсақ. «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі 2013 жылы өнер иелері Маруся Нұрмағанбетованың қолдауымен, сазгер Достан Көзмағанбетовтің келісімімен құрылған болатын. Ансамбльдің құрамында 19 өнерпаз бар. Өнерпаздардың әрқайсысы түрлі салада қызмет атқарған құрметті ардагерлер. Бірі ұстаз болса, енді бірі дәрігер, мәдениет қызметкері, қойшы, тәрбиеші, имам болып қызметтер атқарып, құрметті демалысқа шыққан ата-әжелер.
Ансамбль – облыстық байқаулардың жеңімпазы. Ырғыз ауданында, ауылдық елді мекендерде, аудан орталығында концерттер берген. Ансамбль құрамына жеке тоқталайық. «Ұлағат» ардагерлер ансамблінің көркемдік жетекшісі – Байнияз Тілепов. Ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арал ауданының мәдениеті мен өнеріне өзіндік үлес қосқан өнерпаз. Ансамбль мүшесі Күнқияш Омарова – республикалық өнер фестивальдері байқауларының лауреаты. Талай рет облыстық, республикалық концерт қойылымдарына қатысып, өнер көрсеткен. Ал Мейірхан Бәйімбетов – Арал ауданының мәдениет пен өнеріне үлес қосқан өнерпаз. Ол «Тамаша» әзіл-сықақ отауында халық театрының актері болып өнер көрсеткен. Республикалық, облыстық концерт қойылымдарына талай рет қатысып, көрерменнің құрмет-қошеметіне бөленген өнер иесі. Сонау 1969 жылы түсірілген белгілі режиссер Ораз Әбішевтің «Бір хаттың ізімен» деректі фильміне түскен Шудабай Ильясов ауданның мәдени-көпшілік іс-шараларына 1968 жылдардан бері қатысып, өз өнерін халық арасында көрсетіп келеді. Мәдениет саласында қызмет атқарған. Сондай-ақ 30 жыл қой бағып жұмыс істеген Зейнеш Біртаева 1970 жылдары аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклубында қызмет етіп, ауданның малшы қауымына мәдени қызмет көрсетіп, өнерімен танылды.
Мектепте мұғалім болып зейнетке шыққан Бақтыбике Жанназарова жастайынан өнерге құмартып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнерімен танылып жүр. Ансамбль бишісі Ботагөз Қожекенова жоғары оқу орнында жүріп бишілер ансамбліне қатысып, өнер көрсеткен. Ауданда балабақшада қызмет жасап зейнетке шыққан. Жас кезінен бастап үнді халқының әнін үйреніп, халық арасында айтып, өнерін шыңдай түскен Дайрабай Үркімбаев 1965 жылдардан бастап сахнада өнер көрсеткен. Діни ұстанымымен бірге өнерді қатар ұстап келеді. Дайрабай ақсақал биыл 80 жасқа толып отыр.
Шашты Нұрпейсова – үлгілі ана. Жас кезінен өнерге әуес болған. Тұрмыс құрып, еңбекке араласып, өмір жолы мал шаруашылығымен байланысты болса да, әншілік өнерін қатар ұстап келген. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі – Бекболат Сәдуақасов. Ол жас кезінен өнерге жақын болып, жоғары оқу орнының музыка факультетін бітірген. Мәдениет, білім саласында қызметтер атқарған композитор, әнші. Сол сияқты Болатбек Тәжімбет мектеп қабырғасында жүріп ауылдық клубтың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнерін жетілдірген. Ән шығарумен айналысады. Болатбектің көптеген әндері халық арасында кеңінен тараған. Ол түрлі аспаптарда ойнап, өнер көрсетеді.
Қазақстанның құрметті журналисі, Арал ауданының құрметті азаматы Жұмабай Жақып та ансамбльдің белді мүшесінің бірі. Ол күйші- композитор, Шал Мырзаның күйін орындап, насихаттаушы. Бірнеше күйлердің авторы.
Күйші Алданыш Әбжәлиев қаладағы №13 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан. Қазақстанның үздік мұғалімі. Съезд делегаты, «Ғасыр мұғалімі» атағының иегері. Домбыра прима аспабының маманы Қуаныш Әбжәлиев республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, «Халық театрының» режиссері болып қызмет атқарған. Қобызшы Тәжібай Үмбетәлиев мәдениет, білім салаларында қызмет атқарған. Қазанғап ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болған. Аудан өнерпаздарымен бірге республикада, облыстық концерттерде өнер көрсетіп, лауреат атанған. Төлепбай Сисенбаев – бас домбырашы. Өнер мектебінде домбырадан дәріс берген. Және қобызшы Нағашыбай Құлманов. Өнер мектебінде ұстаз болған. Бірнеше аспапта ойнауды меңгерген. Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.
Міне, осындай талантты жандардан құралған ансамбль халық арасында тағылымды өнерімен танылып, көптің қошеметіне бөленіп келеді. Олар жастық шақта белсенді болды. Қоғам өміріне араласты. Жастық жігерлерін жақсы іске арнады. Уақытпен бірге үндесті. Қарттық келді. Зейнетке шықты. Бірақ игі істен қол үзген жоқ. Кейінгі буынға үлгі болу мақсатында өздерінің өміршең өнерін насихаттап, сахнада аға буын ретінде өнер көрсетіп келеді. Мұндай жандар мақтауға да, мақтануға да лайық.

Н. БАҚЫРАН
01 қазан 2022 ж. 523 0