КІТАП AMANAT: ӨНЕР ӘЛЕМІНІҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
“КІТАП AMANAT” партиялық жобасы аясында аудандық орталық кітапханада қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Саз әлеміндегі сырлы ғұмыр» атты тағылымды өнер сағаты өтті. Шараны «Көктем» бастауыш партия ұйымы ұйымдастырды.Кездесу барысында сазгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жан-жақты таныстырылып, оның қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі кеңінен әңгіме арқауына айналды. Қатысушыларға композитордың халық жүрегінен орын алған әуендері, ұлттық болмыс пен руханиятты дәріптейтін мазмұнды шығармалары туралы деректер ұсынылды. Өнер иесінің туындылары уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, ұлт мәдениетінің алтын қорын толықтырып келе жатқаны атап өтілді.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – аудандық мәдениет үйінің әншісі Назерке Сәрсенованың композитордың «Домбыра» әнін орындауы болды. Әуезді ән көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлап, жиынның мазмұнын аша түсті.
Сонымен қатар кітапханада ұйымдастырылған арнайы көрме қонақтарды композитордың шығармашылық әлемімен жақынырақ таныстырды. Көрмеге қойылған кітаптар, естелік материалдар мен деректер жас ұрпақты ұлттық өнерді қадірлеуге, рухани құндылықтарды бағалауға үндейтін маңызды тәрбиелік мәнге ие болды.
#АМАНАТ












