"Құрмет" орденінің иесі
Жақсылық Үшкемпіровті танымайтын қазақ жоқ. Айтулы қазақ балуаны, Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада және әлем чемпионы атанған ол 33 жасында спорттағы карьерасын аяқтады. Спорттан не ерте, не кеш қол үзді деуге келмейді. Біздің айтпағымыз да ол емес. Балуанның бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын мына сөзі жайлы болмақ. Соңғы жарысында Красноярскіде өткен КСРО чемпионатында жанарынан от ұшқындап үлкен спортпен қоштасып тұрып:– Жастардың көбі «бай болсам» деп армандайды. Бірақ Алла Тағала бәрін бостан-бос бере бермейді. Жас кезден көптің сенімін ақтай отырып, биік шыңдарға шығуға талпыну керек, тер төге, еңбек ете жүріп алдыңа қойған мақсатқа жету керек. Әрі қарай бәрін халық көтереді. Байлық та келеді, атақ та келеді. Халық өзі құрметтейді, өзі мәпелейді. Өзі көтереді, өзі бағалайды, – деген болатын. Расында қазіргі өскелең ұрпаққа осындай ой тастай алатын "азаматтар бүгінде бар ма екен?" деп жүргенде сөзімен ғана емес, ісімен де ірілік көрсетуге болатынын дәлелдеп берген азамат жайлы жаңалық естідік. Ол аластан емес, өзіміздің Аралдан. Нақтырақ айтсақ Арал ауданы Аралқұм ауылының тұрғыны – Қосай Жұмамұратов. Ол ауылда тұрып-ақ Президентпен жүздес болып, қолын қысып, кеудесін күптетіп қайтқан.
Қосай ағамыздың байланыс нөмірін тауып, қоңырау шалдық. Інілік ізетпен сәлем берген бойда қазаққа тән қарапайымдылықтың иісі тұтқаның арғы жағынан-ақ аңқып тұрды. Ағалық ізет танытып, ескі таныстай әңгімесін айта кетті.
Өзгеге өнеге боларлықтай өмір иесінің өмірбаяны да қарапайым. Ол 1965 жылы 16 қазанда Аралқұм ауылында дүниеге келген. 1972-1982 жылдары сол ауылдағы №61 орта мектепті бітірген соң бірден еңбекке араласқан. Мектеп қабырғасында оқып жүріп алған механизатор, тракторшы мамандықтарының арқасында 1983 жылы ҚТЖ-ға қызметке орналасып, бағыттаушы мамандығы бойынша жұмысқа араласқан Қосай ағамыз сол жерде 1989 жылға дейін шойынжолдың жұмысымен шыңдалып, 1990 жылы Аралдағы құрылыс мекемесіне ауысады. Сол мекемеде 2 жыл жұмыс істеп, қазіргі өзі еңбек етіп, абыройға кенеліп отырған Аралқұмдағы су мекемесінің құрылысын салды. Міне, сол 1992 жылдан бастап Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Аралқұмдағы бөлімшесінде табан тайдырмай адал еңбек етуде. Бүгінде машинист-оператор міндетін мүлтіксіз атқарып келе жатқан ағамыз бүгінге дейін аудан, облыс көлемінде талай марапат алды. Осының өзі біз айтқан қызметіне адалдықтың айқын көрінісі еді.
Ал ең маңыздысы былтыр, нақтырақ 2025 жылы 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында орын алды. Аталған күнді Қосай Ерекешұлы былай еске алды.
– Кәсіби мерекеге сай марапат барын білдім. Арал-Сарыбұлақ топтық су құрының басшысы Ислам Қапаров пен Аралқұм су айдау мекемесінің аға шебері Темірхан Ахметовтың ұсынысымен, басқа да әріптестердің қолдауымен ұсыныс беріпті. Ұсыныс қолдау тауып, марапат берілетін болыпты. Алғашында Су және ирригация минситрінің қолынан марапат аласың деді. Соған дайындалып жүргенімде кадр бөлімінен қоңырау шалып "Сіз 8 шілде күні Астанада болуыңыз керек" деді. Асығыс жолға шығып, айтқан уақытында Астанада болдым. 9 шілдеде мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ Дәрежелі орден алғанымда төбем көкке жетіп тұрған еді, – дейді.
Иә, алақандай ауылда тұрып Алатаудай биікті бағындырған ағамызға қалай мақтанса да жарасады. Алайда бір қызығы жылға жуық уақыт бойына өзін не жарнамалап, не көпшілік алдына шығуды мақсат тұтпағандығы да Қосай Ерекешұлының қарапайымдылығының бір көрінісі іспетті көрінді бізге. Әйтпесе, 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылында тіпті республика көлемінде ақпараттандыраса да артық емес абыройға бөленгені баршаға аян.
Кейіпкеріміздің тағы қыры бар. Әкесі Ерекеш 1920 жылы туып, майдан көрген соғыс ардагері. Бір аяғынан айырылған. "Алайда атқа қатты қызықты. Сол уақыттарда мен атқа шауып, талай бәйгеден жүлделі орындар алдық. Ол уақытта ауданда слетъ болатын. Сол слетъке қатысып жүрдік. Мен 1986 жылы жұбайым Жәмиламен отау көтердім. Әкем 1987 жылы өмірден озды. Содан кейін бұл кәсіптен аз уақыт қол үзіп, 2000 жылдардың басында атадан келе жатқан осы бір істі қайта қолға алдық" дейді ағамыз. Ұлы Әлимұса да 7-8 жасында атқа шапты. Түрлі деңгейдегі бәйгелерде бой көрсеткен.
Бүгінде бәйге аттарының деңгейі өскен. Түрлі тұқымды жылқылар қатысып жатады. Десе де солармен қатар шауып, шашасына шаң жұқтырмай жүрген тұлпарлар баптап жүрген кейіпкеріміздің құнына былтыр Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бозой ауылында құнан жарыста көш бастап, І орын иеленген.

Иә, босағасын бекемдеп, тәрбиесімен текті ұрпақ тәрбиелеп отырған ағамыздың жары Жәмила бүгінде кәсіппен айналысса, ұлы Әлимұса әке жолын жалғап теміржол саласында еңбек етеді. Бүгінде кезекші-оператор болып жүрген Әлимұсаның келіншегі Наурызгүл екеуі 5 немере сүйдіріп, Қосай Жұмамұратов ата болып, батасын беріп отырған ардақты жан.
Сөзінің соңында бізге де адал тілегі мен ақ батасын берген ол:
– Өмірдің пендеге берген сыйы таусылмайды екен. Қайғыны да көресің, қуанышты да көресің. Бірақ бәрінің қайыры болады. Қызым мұғалім еді. Өмірден ерте өтті. Содан бері құдыла танып, намаз оқып келемін. Алла беремін десе пендесінен ештеңені аямайды.
Марапат алып келген соң жақын-жуық, ағайын-туыс жиналып, 16 қазанда 60 жасқа келген тойымызды атап өтті. Мәселе тойда емес, көпшілікке бұйыра бермейтін бақытқа кенелдім. Барлық жиендерім ұйымдасып, Умраға жолдама сыйлап, кіші қажылыққа барып келдім. Рамазан айының соңында бар қазаққа аласармайтын абырой мен мұсылмандық парызын орындаудың бақыты бұйырсын деймін, – деді.
Бар қазаққа өмірін өнеге етіп, батасында бақытқа тілеген ағамызға біз де аласармайтын абырой тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










