Намат (көшпенді) көже мен балбауыр тағамын білесіз бе?
Қазақ халқы – ұлттық тағам түрлеріне бай халықтардың бірі. Олардың көбі біздің өмір сүру салтымызбен біте қайнасып, бүгінгі күнге дейін жеткен. Дегенмен ұмыт болып кеткендері де жоқ емес. Құрамы дәруменге бай мұндай тағамдардың адам денсаулығына пайдасы орасан зор екенін білген халқымыз оларды ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдерден дайындаған. Бүгін сіздермен өзім үшін таңсық болған намат, яғни көшпенді көжесі мен балбауыр тағамы туралы бөлісуді жөн көрдім.Жуырда сәті түсіп, киелі мекен Түркістан қаласына сапарлап бардым. Бұл қала облыс орталығына айналғалы бері күн сайын көркейіп, келбетін айшықтай түсуде. Қаланың қазіргі көркі көз тартып, заман талабына сай дамығанымен, ескі дәуірге саяхат жасауға мүмкіндік беретін көркем орындар да жетерлік. Қалаға шетелден келетін қонақтардың да қарасы қалың. Бірі іскерлік мақсатта келсе, енді бірі киелі шаһарды тамашалауға арнайы аялдайды. Осындай қонақтарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында Қазақстан бойынша тек санаулы өңірде ашылған «Сандық» ұлттық асханасының бірі – осы қалада орналасқан.
Асхананың әшекейлі есігінен ішке енгенде, сиқырдың құдіретімен ежелгі дәуірге тап болғандай күй кешесің. Мұнда бәрі халқымыздың көне тұрмысынан сыр шертеді. Кіреберісте алаша мен текемет төселген. Аспалы шамдар ілініп, ағаштан жасалған жүкаяқтар қойылған. Құлағыңа күйтабақтан Роза Бағланова, Бейбітгүл Төлегенова сынды әншілердің әсем әуені естіледі. Ағаш діңгектен жасалған орындықтар, әр үстел үстіндегі құмыраларға салынған қамыс пен қоға өсімдіктері, қаз-қатар жиналған көрпе-жастықтар, қыш ыдыстар – бәрі ерекше әсер сыйлайды. Жез құманға құйылған шайдың дәмі де бөлек. Тіске басарға ұсынылған құрт, ірімшік, жент секілді ұлттық тәттілерден кейін қазіргі шоколадтарға деген тәбет те басылады. Ағаш табаққа салынған бидай, үш түрлі нан және тастың үстіне қойылып әкелінген сары май тәбетіңді аша түседі. Қызмет көрсетушілер де ханның уәзірлеріндей киініп, әр тағамның құрамы мен шығу тарихын түсіндіріп береді.
Жеңсік ас ретінде балбауыр тағамы ұсынылды. Бұл тағамның шығу тарихына тоқталсақ, бауырмалдық пен туыстық қатынасты жоғары бағалаған халқымыз жас қойдың бауырын сүтке малып, оған нәзіктік беріп, астына жұқа жайма төсеп, құрт қосып, жақын туыстарына арнайы ұсынған. Дәмі өзге тағамдарға ұқсамайтын ерекше.
Мұнан соң намат көже, яғни көшпенді көжесі ұсынылды. Бұл тағам ерте кезде аналарымыз қыстан аман шыққанның белгісі ретінде дайындалған. Қысқы соғымнан қалған еттер, қазы қосылып, бидай қайнатылып, оған құрт тұздығы қосылады. Көженің бетінде құрт көпіршік тәрізді болып тұрады. Бұл тағамды салқындатып ішкенде дәмі тіпті арта түседі.
Міне, осындай өзіме бұрын бейтаныс болған тағамдардың дәмін татып, ұлттық құндылықтарымызды тереңірек түсінгендей болдым.Бұл тағамдардың ерекшелігі – табиғи қалпын сақтап, балғын күйінде ұсынылуы. Қарап отырсақ, мұндай тағамдарды әрбір үйде дайындауға болады. Дайындау тәсілі күрделі болмаса да, дәмі тіл үйірерлік. Таңдай қақтырмай қоймайды.
Н. БАҚЫРАН
Фото: ашық дереккөзден алынды









