Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпенді көже мен балбауыр тағамын білесіз бе?

Көшпенді көже мен балбауыр тағамын білесіз бе?

Қазақ халқы – ұлттық тағамның түріне бай халықтардың бірі. Олардың көбі біздің өмір сүру салтымызбен біте қайнасып бүгінгі күнге дейін жеткен. Бірақ ұмыт болып кеткендер де жоқ емес. Құрамы дәруменге бай мұндай тағамдардың адам денсаулығы үшін пайдасы орасан зор екендігін білген халқымыз ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдерден дайындаған. Бүгін сіздерге өзім үшін тансық болған намат, яғни көшпенді көжесі мен балбауыр тағамы туралы сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
Жуырда сәті түсіп киелі мекен Түркістан қаласына сапарлатып бардым. Бұл қала облыс орталығына айналғалы бері күн сайын күмбезін көкке көтеріп әсем келбетін айшықтап келеді. Қаланың қазіргі көркі көз тартып заман талабына сай салтанат құрғанымен, ескі заманға саяхаттап қайтуға мүмкіндік беретін көркем қалашықтар да жетерлік. Қалаға шетелден келетін қонақтардың да қарасы қалың. Бірі іскерлік мақсатта келсе, енді бірі киелі шаһарды тамашалауға арнайы аялдайды. Осындай қонақтарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында Қазақстан бойынша тек екі өңірде «Сандық» ұлттық асханасы болса соның бір аталған қалада орналасқан.
Асханаға әйнекті есіктен ішкен енгенде сиқырдың құдіретімен ежелгі дәуірден бір-ақ шыққандай кейіпке түсіп кетесің. Бұл асхананың ішінде бәрі халқымыздың көне тіршілігінен хабар беріп тұрады. Кіреберіс ауызда алаша мен текемет төселген. Аспалы шамдар ілініп, ағаштан жасалған жүкаяқ қойылған. Құлағыңа радио үніне ұқсас күйтабақтан Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды әншілердің бұлбұл үнімен шырқаған әндері төгіліп тұр. Әсемдік деп осыны айту керек шығар. Ағаш діңгегінен жасалған орындықтар, әр үстел басындағы құмыраға салынған қамыс, қоға өсімдіктері қаз-қатар жиналған көрпе жастық, қыштан жасалған ыдыстар бәрінен әсер алмау мүмкін емес. Жез құманға дайындалған шайдың да дәмі ерекше. Тіске басарға әкелінген құрт пен ірімшік, жентті, өзге де ұлттық тәттілердің дәмін татсаңыз, қазіргі аты дардай шоколадқа тәбетіңіз соқпай қалады. Ағаш табаға салынған бидай үстіндегі үш түрді нан мен кәдімгі тастың үстіне салынып әкелінген сары май тәбетіңді аша түсері сөзсіз. Қызмет жасап жүрген даяшылар ханның уәзіріндей киініп алған. Тағамның барлық түрін таныстырып, құрамы мен шығу тарихын түсіндіріп береді.
Женсік асқа балбауыр тағамын әкелді. Тағамның шығу тарихы кезінде бауырмалдылықты, тыстық қанасты берік ұстаған халқымыз жас қойдың етінің бауырын сүтке малу арқылы оған нәзіктік беріп, астына ұннан жұқа жайма жасап, құртты малталап езіп, астың дәмін кіргізіп жақын туысы қонаққа келгенде ұсынатын болған екен. Дәмінде өзге тағамдарға ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Мұнан соң намат көже яғни, көшпенді көжесі тағамы ұсынылды. Тағамның тарихы ежелден аналарымыз қыстан аман шыққандығының белгісі ретінде қысқы соғымнан қалған еттер қосылып, қазы салынып, бидайды суға қайнатып, оған ерекше дәм беретін құрт тұздығын салып дайындайтын көже түрі. Көженің бетінде құрт көпіршік тәрізді болып тұрады. Тағам салқындатып ішкенде дәмді бола түседі.
Міне осындай өзіме беймәлім болған тағамның дәмін татып, ұлттық құндылықтармызды бойға сіңіріп халқымыздың даналығы мен дара болмысына тағы да көз жеткізгендей болдым. Бір ерекшелігі, бұл тағамдардың өзінің қасиетін жоймай балғын күйінде әзірленіп ұсынылған. Қарап отырсақ, қазір де әрбір үйде дайындауға болатын тағам түрі. Дайындау әдісі күрделі болмағанымен, дәмі ті үйіретін қасиетке ие. Таңдай қағып тамсанбау мүмкін емес.
Назерке БАҚЫРАН 
Фото: ашық дереккөз 
12 наурыз 2024 ж. 242 0