Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын өмірінен сыр

Ақын өмірінен сыр

Адамзаттың рухани әлемін байытатын, ұлттың жан дүниесін айшықтайтын құндылықтардың бірі – сөз өнері. Ал сол сөз өнерін биікке көтеріп, халықтың жүрегіне жол таба білген тұлғалар – дәуірдің асыл қазынасы. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, оқырманын терең ой мен сырлы сезімге жетелеген дара таланттың бірі – Шөмішбай Сариев. Оның шығармашылығы – өмірдің өзінен өрілген, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған.
Осы орайда Руханият орталығында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ақынның туғанына 80 жыл толуына орай «Ақын өмірінен сыр» атты әдеби кештің өтті. Тағылымды шараға кітапхана оқырмандары, зиялы қауым өкілдері мен әдебиетке жаны жақын қауым жиналып, ақын әлеміне бірге сапар шекті.
Кештің негізгі мақсаты – ақынның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның поэзиясындағы терең ой мен көркемдік әлемді қайта зерделеу болды. Әдеби кеш барысында Шөмішбай Сариевтің өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен әңгімеленіп, оның шығармаларындағы философиялық тереңдік пен адамгершілік құндылықтар жан-жақты талқыланды. Ақын жырларындағы ұлттық рух, туған жерге деген сүйіспеншілік, адам болмысының ішкі иірімдері кеш қонақтарының ерекше ықыласын тудырды.
Кештің мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі – Ақтөбе қаласындағы 13 кітапхананың қашықтан қосылып, ақын шығармашылығына қатысты өз ой-пікірлерін білдіруі болды. Әр тараптан айтылған пікірлер ақын мұрасының өміршеңдігін, оның шығармаларының уақыт пен кеңістікке бағынбайтын құндылық екенін тағы бір дәлелдеді.
Сонымен қатар, Алматы қаласынан тікелей эфирге шыққан ақынның жары Жұмагүл Сариева кешке ерекше жылылық сыйлады. Ол өз естеліктерінде ақынның адами болмысы мен шығармашылық жолындағы ізденістерін тебіреніспен жеткізді. Жұмагүл апай Шөмішбай Сариевтің өлеңінде халыққа деген шынайы махаббат, адамгершілік пен рухани тазалық жатқанын ерекше атап өтті. Бұл сөздер кешке жиналған қауымның жүрегіне жетіп, ақын тұлғасын бұрынғыдан да биіктете түсті.
Кеш қонағы, ақын Толыбай Абылаев өз сөзінде Шөмішбай Сариевтің әдебиеттегі орнына кеңінен тоқталып, оның өнегелі еңбек жолын жоғары бағалады. Ол ақын поэзиясындағы мәнді идеялар мен ұлттық дәстүрге деген құрметтің ерекше үйлесім тапқанын тілге тиек етіп, оның шығармаларының тәрбиелік мәніне назар аударды.
Әдеби кештің көркемдік тынысын кеңейткен мезет – ақын өлеңдерінің оқылуы мен әнінің шырқалуы болды. Аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары ақын жырларын мәнерлеп оқып, көрерменді поэзия әлеміне жетелесе, аудандық мәдениет үйінің әншісі Самал Дінжанова ақынның сөзіне жазылған «Сағым жылдар» әнін әсерлі орындап, кештің көркін аша түсті. Әуен мен сөз үндескен сәтте көрермен жүрегінде сағыныш пен сырлы сезім тербеліп өткендей.
Сонымен қатар, кеш аясында арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі де көпшіліктің назарын аударды. Көрмеге ақынның әр жылдары жарық көрген жинақтары мен еңбектері қойылып, оқырмандарға оның шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.
Шындығында, Шөмішбай Сариевтің шығармашылығы тек өлең мен прозадан ғана тұрмайды. Ол – қазақтың рухани әлемінде өшпес із қалдырған, ұлттың жан дүниесін жырға қосқан бірегей тұлға. Оның жырлары – уақыттың тынысын сездіретін, адам жүрегінің ең нәзік қылын шерте алатын құдіретке ие.
Г.САҚТАПОВА
07 сәуір 2026 ж. 44 0