Өңір кәсіпкерлігін дамыту – басты бағыт
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Осы орайда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің қатарында. Бүгінде мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен қаржылық құралдар кәсіп ашуға, оны кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен мүмкіндік беріп отыр.Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін қолжетімді мемлекеттік қолдау түрлері сан алуан. Соның ішінде жеңілдетілген несиелеу, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдендіру тетіктері, қайтарымсыз гранттар және инфрақұрылымдық қолдау ерекше маңызға ие. Бұл қолдаулар бизнес өкілдерінің қаржылық жүктемесін азайтып, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасқандығының нәтижесінде аралдықтар да өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте «Руханият» орталығында өткен қаржы және кәсіпкерлік ұйымдарының көшпелі отырысы – соның нақты дәлелі. Аталған жиын аймақтағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен түсіндіру және жергілікті кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Маңызды басқосуға аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ренат Жанаев төрағалық етіп, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Жиынға аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жеке кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысып, еркін форматта пікір алмасты.
Көшпелі отырысқа арнайы келген қаржы институттары мен даму ұйымдарының өкілдері кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылатын жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар, инвестициялық жобаларды қаржыландыру жолдары мен кәсіп ашуға арналған тиімді құралдар кеңінен түсіндірілді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, бизнесті кеңейтуге серпін беретіні сөзсіз.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Әсіресе, несие алу талаптары, кепіл мәселесі, субсидиялау тетіктері мен жаңа жобаларды іске асырудағы қиындықтар кеңінен талқыланды. Сала мамандары әрбір сұраққа нақты жауап беріп, кәсіпкерлерге бағыт-бағдар көрсетті. Мұндай ашық диалог форматындағы кездесулер кәсіпкерлердің сенімін арттырып, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін күшейтетіні анық.
Сондай-ақ, жиында ауыл кәсіпкерлігін дамыту, аграрлық секторды қолдау, өңірлік өндірісті ұлғайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Қаржы ұйымдарының өкілдері ауылдағы кәсіпкерлер үшін арнайы әзірленген бағдарламалар туралы айтып, жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі.
Жиын соңында модератор кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы рөліне ерекше тоқталып, бұл саланың дамуы – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану арқылы шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны жеткізілді.
Мұндай көшпелі отырыстар – кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды алаң. Ол тек ақпарат алмасумен шектелмей, нақты мәселелерді шешуге бағытталған тиімді диалог алаңына айналып отыр. Ал бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ









