Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4)тармағымен айыпталған Ж-ның  қылмыстық ісі қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы Ж. жәбірленуші Б-ны жұмысқа орналастырып бере алатын ешқандай мүмкіндігі жоқтығына қарамастан, оны таныстары арқылы жаңадан салынып, ашылғалы жатқан мектепке жұмысқа тұрғызып беремін деп сендіріп, 700 000 теңге ақшасын алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен иемденіп, жеке бас пайдасына жаратқан.
Алайда, жәбірленуші Б. сотқа жазбаша арыз беріп, қазіргі таңда сотталушымен өзара татуласқанын, қояр талап тілегі жоқ екенін, келтірілген залал толық қайтарылғанын, кешірім беретінін, қылмыстық істі тоқтатып, оны қылмыстық жауаптылықтан  босатуды сұраған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы Ж. Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс тоқтатылған.
Арал аудандық соты
 
07 сәуір 2026 ж. 87 0