Ормуз бұғазындағы транзит «екі дәлізді жүйеге» көшті
Ормуз бұғазы арқылы теңіз транзиті «екі дәлізді жүйеге» көшті. Жаңа жүйе Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) бақылауындағы солтүстік бағыт пен Оман жағалауы бойымен өтетін жаңа оңтүстік бағытты біріктіреді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.Лондонда орналасқан теңіз тасымалы саласындағы Windward талдау компаниясының мәліметінше, 5 сәуірде бұғаз арқылы 11 кеме өткен. Оның үшеуі кірген, сегізі шыққан.
Кірген кемелердің барлығы танкерлер болған. Ал шығып бара жатқан кемелердің арасында танкерлер де, жүк кемелері де бар.
Шығатын бағыттағы кемелер екі дәлізге бөлінген. Бес кеме Ларак аралы маңындағы солтүстік дәлізбен өткен. Бұл бағыт бұрынғыдай КСИР бақылауында қалып отыр. Тағы үш кеме Оман жағалауы бойымен өтетін оңтүстік дәлізді пайдаланған.
Сарапшылардың есебінде солтүстік маршруттың Ларак аралы маңындағы орталық арқылы жұмысын жалғастырып отырғаны атап өтілген. Сонымен бірге оңтүстік дәліздің іске қосылуы кемелердің бұрынғы бақылау аймағынан тыс жүруіне мүмкіндік беріп отыр.
Мәліметке сәйкес, оңтүстік бағыт алғаш рет 2 сәуірде пайдаланылған. Сол күні бұл жолмен үш кеме, оның ішінде екі аса ірі мұнай танкері мен бір сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын кеме өткен.
Бұл – әскери қимылдар басталғалы бері сұйытылған табиғи газ таситын кеменің Ормуз бұғазы арқылы алғаш рет өтуі.
3–5 сәуір аралығында оңтүстік дәлізді пайдаланған кемелер саны тиісінше екі, төрт және үш болған. Бұл жаңа маршруттың қысқа уақыт ішінде балама жолдан толыққанды дәлізге айналып келе жатқанын аңғартады.
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық ресурстар жеткізіліміндегі маңызды тораптардың бірі.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: mykn.kuehne-nagel.com










