QAISAR: Жастардың жалынды рухын оятқан тағылымды кездесу
“QAISAR” әскери-патриоттық жобасы аясында өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, ел қорғау ісіне деген жауапкершілікті арттыру мақсатында маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті. Игі шара “Вокзал” бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің қатысуымен жоғары деңгейде өткізілді.Кездесуге қатысқан жастар үшін бұл жиын – тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өмірлік бағыт-бағдар беретін ерекше кездесу болды. Жастарға Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы, майор Дандибай Береке Усайнұлымен тікелей жүздесіп, әскери қызметтің мәні мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Еркін форматта өрбіген кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әскери өмірдің қыр-сырына қанықты. Майор Дандибай Береке Усайнұлы жастармен ашық пікір алмасып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде: «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі абыройлы міндеті» екенін атап өтіп, елге қызмет етудің үлкен жауапкершілік пен ерлік талап ететінін жеткізді.
Осындай тағылымды кездесулер – жастардың патриоттық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бүгінгі жас буын – ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан да олардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімін ұялату – баршамызға ортақ міндет.
#АМАНАТ











