Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ АЙНАСЫ

КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ АЙНАСЫ

    Сапалы білім – ел болашағының берік іргетасы. Ал ұстаздардың кәсіби деңгейі – мемлекет дамуының басты көрсеткіші. Әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек ететін педагогтердің біліктілігі өндіріс пен экономиканың тікелей дамуына ықпал етеді.     Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби шеберлік байқаулары – ұстаздардың тәжірибе алмасуына, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруіне үлкен мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұндай байқаулар тек бәсеке емес, сонымен қатар шығармашылық ізденістің, үздік тәжірибені насихаттаудың, кәсіби дамудың ортасы болып табылады.     Жақында Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен Арал көпсалалы колледжі базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасында құрылыс саласы бойынша облыстық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Бұл шара республикалық деңгейдегі байқаудың облыстық кезеңі ретінде ұйымдастырылып, өңірдегі білікті мамандарды бір алаңға тоғыстырды.
     Байқау барысында қатысушыларға «Сәндік қабырғаны қалау» модулі бойынша тапсырмалар ұсынылды. Бұл кезеңде педагогтер өздерінің тек теориялық білімін ғана емес, сонымен қатар нақты өндірістік дағдыларын, дәлдік пен ұқыптылыққа негізделген шеберлігін көрсетті. Құрылыс саласында әр миллиметрдің, әр қозғалыстың маңызы зор екені белгілі. Сол себепті бұл тапсырма қатысушылардан жоғары деңгейдегі жауапкершілік пен шынайы кәсібилікті талап етті.
   Сайыс барысында әр қатысушы өз тәжірибесін барынша көрсетуге тырысып, тың тәсілдер мен заманауи әдістерді қолдануға ұмтылды. Бұл, өз кезегінде, байқаудың мазмұнын байытып, оның маңызын арттыра түсті.
     Аталған байқаудың ашылу салтанатында облыстық оқу орталығы әдістемелік кабинетінің әдіскері Ұлан Танмамбет сөз сөйлеп, кәсіби байқаулардың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде мұндай шаралардың педагогтердің біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру талаптарына сай маман даярлауға үлкен ықпал ететінін атап өтті.
     Сонымен қатар, Арал көпсалалы колледжінің директоры Нұралы Қалиұлы Әбішов те қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл байқаудың ұстаздар үшін үлкен сын әрі мүмкіндік екенін жеткізді. Ол өз сөзінде кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің қатар жүруі – сапалы білім берудің басты шарты екенін ерекше атап өтті.
     Осындай тартысты додада Арал көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы Тұрахметов Наурыз жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл нәтиже – жүйелі еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ұстаздың бұл жетістігі тек жеке жеңіс емес, сонымен қатар білім ордасындағы сапалы оқытудың нақты дәлелі.
     Жеңімпаз Қызылорда облысының білім басқармасы және Қазақстандық оқу-ағарту және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы тарапынан дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
     Жалпы, құрылыс саласы – тәжірибе мен дәлдікті талап ететін күрделі бағыттардың бірі. Бұл салада шәкірт тәрбиелейтін педагогтің өзі де үздіксіз ізденісте болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби байқаулар ұстаздарға жаңа серпін беріп, олардың өз-өзіне деген сенімін нығайтады.
    Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, білікті ұстаздардың саны артып, ел болашағын қалыптастыратын сапалы мамандар даярлана беретініне сенім мол.
Г. НҰРЫМБЕТОВА,
Арал көпсалалы колледж әдіскері 
10 сәуір 2026 ж. 47 0