БІЛІКТІ ҰСТАЗ, БІЛГІР МАМАН
Мемлекет басшысы «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» дей отырып, биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны жайлы әркез айтып келеміз.Міне, осы бағытта ел көлемінде айтулы шаралар атқарылып келеді. Бұл жұмыстар білім саласында да істеліп келеді. Білім беру және кәсіптік даярлау Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған басты қадамдар. Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы жұмысшыларды даярлау жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ықпал етеді.Таяуда жылдың ажарын аша түскен кәсіптік білім беру бағытындағы тағы бір істің жаңалығын естідік. Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында жыл аясында «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында салалар бойынша жұмыс берушілермен бірлескен республикалық кәсіптік шеберлік форумы» болып өтті. Осы ауқымды жиын шеңберінде кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылып, Арал индустриалды-техникалық колледжінен Назарбек Нұрманова компатриот-сарапшы ретінде қатысса, елдің әр өңірінен келген мамандардың тәжірибе бөлісу байқауы бірнеше құзыреттілік бойынша өткізілді. Жоғары еңбек мәдениеті мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде «Дәнекерлеу ісі» бағытында Арал индустриалды-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері Жеңісбек Күнжанов «Үздік маман» номинациясын жеңіп алды.
Иә, бұл аудандағы кәсіптік білім ордасының мерейін өсіріп, алар орнын айшықтап берген байқау болды. Білікті ұстаздан білімді шәкірт шығарына сеніміміз мол.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










