Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы шипа ордасы

Шалғайдағы шипа ордасы

Елдің ең басты байлығы – оның халқы десек, сол халықтың саулығы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Қай заманда да денсаулық сақтау саласы қоғамның тірегі, ал ауылдағы медицина – елдің шынайы тыныс-тіршілігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Қаладан жырақ жатқан елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімді болуы – әлеуметтік-саяси мәні бар мәселе. Осындай жауапкершілігі зор міндетті арқалап отырған мекемелердің бірі – Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы.
Аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан амбулатория – шалғай ауыл тұрғындары үшін өмір мен үміттің арасын жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Бүгінде аталған медициналық мекеме 2200-ге жуық халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның қарамағына Ақшатау, Аққұлақ және Хан медициналық пункттері қарайды. Яғни, бір ғана амбулатория бірнеше елді мекеннің денсаулығына жауап беріп отыр.
Аманөткел дәрігерлік амбулаториясының ұжымы – өз ісіне адал, тәжірибесі мол мамандардан құралған. Қазіргі таңда мұнда 2 дәрігер, 19 орта буын медицина қызметкері, 4 кіші медицина қызметкері және 8 техникалық қызметкер еңбек етеді. Екі дәрігер мен орта буын қызметкерлерінің барлығы маман сертификаттарына ие болса, олардың 12-сінің кәсіби санаттары бар. Ұжымның біліктілік деңгейі жоғары.
Медицина – үнемі ізденісті талап ететін сала. Осыны жақсы түсінген қызметкерлер білімдерін жетілдіруді үздіксіз жалғастырып келеді. Мәселен, 2021 жылы үш орта буын қызметкері біліктілігін арттырса, қазіргі таңда дәрігерлер мен орта буын мамандардың санаттарын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Амбулатория жанынан ашылған 7 төсектік күндізгі стационар да халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Бұл бөлім – ауыл тұрғындары үшін стационарлық емнің қолжетімді нұсқасы. Қалаға бармай-ақ, өз ауылында қажетті ем-дом алу мүмкіндігі – ауыл медицинасының басты жетістігі.
Аманөткел амбулаториясының тарихына көз жүгіртсек, оның қалыптасу жолы – тұтас бір кезеңнің шежіресі. 1960 жылы медициналық пункт ретінде іргетасы қаланған мекеме уақыт талабына сай дамып, 1982 жылдан бастап дәрігерлік амбулатория ретінде қызмет ете бастады. 1991 жылы селолық аурухана, 1995 жылы ауылдық аурухана, 1998 жылы селолық емхана, 1999 жылы жанұялық дәрігерлік емхана болып қайта құрылып, 2009 жылға дейін жұмысын жалғастырды. Бұл өзгерістер медициналық қызметтің бір орында тоқтап қалмай, заман талабына сай жаңарып отырғанының дәлелі.
Осы жылдар ішінде амбулаторияны тәжірибелі терапевт Мамай Өтемісов басқарып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. Оның басшылығымен ұжым қалыптасып, халыққа сапалы қызмет көрсету дәстүрі орнықты. Кейін білікті дәрігер еңбек демалысына шыққан соң, 2010 жылдан бастап жаңа басшылық келіп, мекеменің жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Ал 2017 жылы заманауи талаптарға сай жаңа типтегі амбулатория ғимаратының пайдалануға берілуі – ауыл медицинасы үшін маңызды оқиға болды.
Бүгінде амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер Мамай Өтемісов, күндізгі бөлім фельдшері Нұрболат Октябров, аяжандар Нұргүл Сердалиева, Айгүл Сүйеуова, Жадыра Нағашыбаева, Гүлмереке Жолақанова, егу бөлмесінің аяжаны Шолпан Жолмырзаева, әйелдер қарау бөлмесінің акушеркасы Гүлнұр Ерғазиева, лаборатория аяжаны Зауре Қанатбаева, химизатор Айсәуле Сүлейменова сынды мамандар халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Әрқайсысы өз ісінің шебері атанған, ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған ақ халатты абзал жандар.
Сонымен қатар, амбулаторияға қарасты медициналық пункттердің қызметкерлері де ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Атап айтсақ, Ақшатау, Хан, Аққұлақ елді мекендеріндегі аяжандар мен мен медицина қызметкерлері – денсаулық сақтау саласының алдыңғы шебінде жүр. Олардың қатарында Үрімхан Тоғысова, Бағила Нағашыбаева, Гүлжәзира Елеусізова, Айдана Шайхиева, Пакизат Сатыбаева, әлеуметтік қызметкер Бақыткүл Сегізбаева, сондай-ақ мектеп аяжандары Гүлбану Досаева, Жанат Ембергенова мен Айгүл Кукенеева осы салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі мамандар.
Және мектеп жанындағы тіс кабинетінде тіс дәрігері Қасқырбек Тлеушов және аяжан Бақыт Дәрібаева мектеп оқушыларына және жүкті әйелдерге қызмет етіп келеді.
Ал өткенге тағзым – бүгінгі буынның парызы. 1960 жылдары Аманөткел дәрігерлік амбулаториясында халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен медицина қызметкерлері – Әбілғазы Аманов, Серік Әбдірайымов, Жаналы Қазиев, Жансая Тілеуқабылова, Манас Нұралиев, Лида Маханбетжанова, Марал Жаңабаева, Гүлханыс Сүлейменова – өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, ауыл медицинасының дамуына елеулі үлес қосты.
Қорытындылай келгенде, Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы – ауыл тұрғындарының сенімі мен үмітін арқалаған қасиетті орын. Бұл ұжымның күнделікті еңбегі – көзге көрінбейтін ерлік. Шалғай ауылда отырып-ақ сапалы медициналық қызмет көрсету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Осындай мекемелер арқылы мемлекет өзінің әрбір азаматына қамқор екенін дәлелдейді. Аманөткел амбулаториясы – ауыл медицинасының өміршеңдігін, адамға деген жанашырлықтың мәңгілік құндылық екенін айқын көрсетіп отырған жарқын үлгі.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
11 сәуір 2026 ж. 57 0