Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пандемияның таралуына және өзге де мәселелерге байланысты Сыр бойындағы елді мекендерді аралап, бірнеше ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Алдымен Жаңақұрылыс елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктте болды. Фельдшерлік акушерлік пункттің дәрігері тұрғындардың денсаулық жағдайы мен медицина қызметкерлерінің жұмысы туралы баяндап өтті. Бұл елді мекенде 870 тұрғынға 3 медицина маманы қызмет көрсетеді.
Аудан әкімінің сапары Қаратерең, Бөген, Аманөткел ауылдық округтерінде жалғасты. Аталған ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаторияларды аралап, халық денсаулығын сақтау үшін тынбай еңбек етіп жатқан ақ халатты жандарға алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Қарашалаң және Қосжар елді мекендеріне барып, медициналық бекеттің жұмысымен және тұрғындардың хал-жағдайымен таныс болды.
Қазіргі таңда Қарашалаң елді мекенінде ішкі су жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Арнайы ат басын бұрған аудан әкімі құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, ауыз судың тұрғындар қажеттілігі үшін уақытылы аяқтауды тапсырды. Одан соң Аманөткел ауылдық округі тұсындағы облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автожолына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарын да көрді. Жалпы орташа жөндеу жүргізілетін 9,1 шақырым жолдың биылғы жылға бөлінген қаржыға сәйкес, 4.0 шақырымына жөндеу жұмысы аяқталған. Қалған бөлігі келесі жылы жалғасатын болады.
Аудан басшысы сапар барысында елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық бекеттердің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, ауыл дәрігерлеріне дәрі-дәрмек қорының жеткілікті деңгейде болуын және тұрғындарда алғашқы дәрігерлік көмек түрлерінің уақытылы көрсетілуін тапсырды.
Сондай-ақ, Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді аралап, жергілікті жердегі хал-жағдайды білген соң ауылдық округ әкімдері мен дәрігерлерге бірінші кезекте халықтың денсаулығы басты назарда болуы қажет екендігін ескертті.
Ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, жергілікті жердегі өзекті деген мәселелер жөнінде пікір алмасқан соң елдің амандығы, тұрғындардың саулығы үшін жиын-той, құдажол-садақаларға мүлдем шектеу қойып, карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.


27 шілде 2020 ж. 653 0