Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жас ақын» атты ақындар айтысы өтті

«Жас ақын» атты ақындар айтысы өтті

Шекара академиясыТәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстары басқармасының ұйымдастыруымен курсанттар арасында ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған«Жас ақын» атты айтыс жоғары деңгейде өтті. Рухани құндылықтарды дәріптеген бұл шара жас буынның қызығушылығын арттырып,  олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор мүмкіндік берді.
         АйтысқаШекара академиясының 1-факультеті 9-арнайы кафедрасыныңаға оқытушысы, полковник А. Козыбаев пен 1-факультеті 5-арнайы кафедрасының доценті майор Ә. Әділгерей және 1-факультеті 5-арнайы кафедрасының оқытушысы, майор Ж. Момбаев әділқазылық етті. Тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы  қатысушылардың тапқырлығы мен ұтқырлығына, тіл байлығы мен сахна мәдениетіне жоғары баға берді.
         Айтыс барысында курсанттар елдік рух, достық пен бауырластық тақырыптарын арқау етіп, суырыпсалмалық өнердің үздік үлгілерін көрсетті. Әсіресе, 4-оқу дивизионының ақыны Олжабай Жамбылдың өнері көпшілік назарын аудартты. Сахна үстінде отырып:
«Ақындардың аузы күйіп отыр ғой,
Ақындарға беретұғын шай жоқ па?» - деп ұйымдастырушыларға қарата әзіл-шыны аралас сөз тастап,көрермендерді күлкіге бөледі. Бұл сәт айтыстың көркін қыздырып, ақынның тапқырлығын айқын көрсетті. Аталған шағын олқылық көп ұзамай өз шешімін тапты. 3-оқу дивизионының офицері, капитан Д. Ануар айтыстан кейін ақындар мен әділқазыларға, сондай-ақ ұйымдастырушыларға арнайы дастархан жайып, кең пейілділік пен мәрттіктің үлгісін танытты.Сондай-ақ айтыстың ерекше сәттерінің бірі – Осмонбеков Байтур мен Олжабай Жамбылдың сөз сайысы болды.Бұл айтыс қырғыздың ұлы ақыны Тоқтоғұлдың 150 жылдығына арналған додада қазақстандық Балғынбек Имашев пен қырғыз ақыны Элмирбек Иманалиевтің айтысын еске салғандай әсер қалдырды. Мұнда қос халықтың ортақ рухани мұрасы мен бауырластық байланысы айқын сезілді.
         Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені 2-оқу дивизионының курсанты Серікбай Нұрперзент иеленді. І-орынды 4-оқу дивизионының ақыны Олжабай Жамбыл жеңіп алса, 3-оқу дивизионының тарланы, ақын Ғабит Мағжан мен 5-оқу дивизионының курсанты, Тоқтоғұл сынды дүлдүлдердің ізін жалғаушы туысқан қырғыз елінің тумасы Осмонбеков Байтур ынталандыру сыйлығына ие болды.Айтыс барысында ерекше дарынымен көзге түскен Олжабай Жамбылға әділқазылар алқасының мүшесі, майор Ә. Әділгерей үстіндегі шапанын сыйға тартты. Өз кезегінде ақын: «Майор Әділгерейден ақшаға сатылмайтын шапан алдым» деп ұтымды жауап беріп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
         Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы Шекара академиясында ұлттық өнер мен рухани тәрбиеге ерекше мән беріліп, болашық офицерлердің жан-жақты дамуына жол ашылуда.
Шекара академиясы тіл саясаты бөлімінің офицері
лейтенант А. Курамысов
30 сәуір 2026 ж. 40 0