Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ үні

Ұрпақ үні

Жуырда облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы ның ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының 81 жылдығына орай «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновация академиясында «Менің атам – майдангер» тақырыбындағы байқау өткен болатын. Аталған жарыста өнер мен білімін, сахнадағы мәдениетін барынша ашып көрсете белген №292 мектептің 7 сынып оқушысы Ақұлман Серікова мен жетекшісі, №292 мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Тажекеева аймақты мойындатып, ауданның абыройын асырып қайтты. Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан қатысқан үздіктер арасында көрермендер мен қазылар алқасына айрықша ұнап, жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты. Майдангер атасын мақтан тұтып, есімін жырға қосып, облыс төрінен орын еншілеп қайтқан талантты жерлесіміздің жыр шумақтарын өздеріңізше ұсынып отырмыз.

ҰРПАҚ ҮНІ
Мен соғысты көрген жоқпын, көрді атам,
Бойымдағы қаныңмен жыр толғатам.
Қыран құстан қыран туар тегінде,
Батырлардан батыр туу – жанға тән.
Ғұмыр бір сәт тоқтатпайды сағатын,
Заһарымен бірге ұсынып набатын.
Сіз соғысқа атанамын дегенше,
Ел-жұртыңның ашып кеттің сауатын.
Сыбаға етіп жұртқа білім таратты ер,
Есіміңді ұмытпайды сауатты ел.
Сіз көп тілді меңгеріпсіз, өмірге,
қайта кел де, Ата, маған сабақ бер.
Уақыт дейтін керуен қалай көшпеген,
Керуенінен кешікпеген есті өрен.
Тау-тау болып тұзы жатыр Аралдың,
Табанында ізің жатыр өшпеген.
Ұрпақ үшін майданға да келістің,
Уын ішіп дәмін таттың жеңістің.
Өрлігіңмен нуын кештің намыстың,
Ерлігіңмен туын жықтың немістің.
Бес жыл азап, бес жыл қызыл қан майдан,
Бірақ бір сәт шығармадың елді ойдан.
Балағыңды қағып кете беріпсің,
Жау әскері тартқан шақта шалғайдан.
Беделіндей төмендетпей төренің,
Сізді тіпті ханнан биік көремін.
Батырлардың сауытындай сақталып,
Төрде ілініп сақталып тұр шинелің.
Айтайын ба, келеді ме тыңдағың,
Атау, Сізге жырмен сәлем жолдадым.
Сеземісің бейбіт күнде ұрпағың,
Атыңды айтар бір қауым ел болғанын.
Ұл-қыздарың ерлік жырын жаттады,
Нұрғалидің ұрпағын ел мақтады.
Сіз кеткелі жер тарпымай танктер,
Сіз кеткелі ешкім мылтық атпады.
Азат таңды сыйлап кетті алып ер,
Бұл ұрпақтың мәңгі өшпейтін бағы дер.
Армандапсыз Сіз дәрігер болуды,
Мен де өскенде болсам деймін дәрігер.
Бізге таңсық, Сізге таныс өтті уақ(ыт),
Тарих өшпес кетсе дағы Көк құлап.
Орден таққан адам көрсем "Атау" деп,
Мойынынан құшақтағым кеп тұрад(ы).
Тең келмейтін, тең көрмейтін ешкіммен,
Ерлігіңді есітумен ес білгем.
Кімге еліктеп өстің, Атау, білмеймін,
Сізге еліктеп, Сізге еліктеп өстім мен.
Ақұлман СЕРІКОВА,
№292 орта мектебінің 7 сынып оқушысы
05 мамыр 2026 ж. 64 0